28.02.2022, 17:11 15056

ҚР электрондық еңбек биржасында түйіндемелер саны күрт артты және бос орындар саны қысқарды

2022 жылдың қаңтар айында жарияланған түйіндемелер санының күрт өсуі және 2021 жылғы желтоқсанмен салыстырғанда жұмыс берушілердің сұранысы бойынша белсенділіктің төмендеуі байқалды.
НҰР-СҰЛТАН. 28 АҚПАН - 2022 жылдың қаңтар айында жарияланған түйіндемелер санының күрт өсуі және 2021 жылғы желтоқсанмен салыстырғанда жұмыс берушілердің сұранысы бойынша белсенділіктің төмендеуі байқалды, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР ЕХӘҚМ-нің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

2022 жылғы қаңтарда ЭЕБ-де өткен жылғы желтоқсандағы деректермен салыстырғанда сұраныстың 23% - ға төмендегені байқалды, бір айда барлығы 68,3 мың бос жұмыс орны жарияланды. Осы кезеңде түйіндемелер санының желтоқсан көрсеткіштеріне қарағанда 3,3 есе өсуі байқалды. Қаңтар айында ЭЕБ-ға ізденушілер 70,2 мың белсенді түйіндеме орналастырды, деп хабарлайды ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.

Өңірлер тұрғысынан Алматы облысында ЭЕБ-ға сұраныс төрт есе (желтоқсандағы 12,4 мыңнан қаңтарда 3 мыңға дейін), Түркістан (9,3 мыңнан 4,5 мыңға дейін) және Қызылорда (3,5 мыңнан 1,9 мыңға дейін) облыстарында екі есе дерлік қысқарды. Сонымен қатар, Қостанай облысында ЭЕБ бос жұмыс орындарының саны 10%-ға, Нұр-Сұлтан қаласында – 8%-ға және Батыс Қазақстан мен Солтүстік Қазақстан облыстарында шамалы өсті.

ЭЕБ-да барлық өңірлерде еңбек нарығындағы ұсыныс қаңтар айында желтоқсанмен салыстырғанда өсті. Мұндағы көшбасшылар өткен аймен салыстырғанда жарияланған түйіндемелері бес есеге жуық артқан өңірлер болды, атап айтқанда Шымкент қаласы (4,9 мың), Қызылорда облысы (7 мың), Алматы қаласы (6,6 мың). Еңбек нарығындағы ұсыныстың ең аз өсімі Батыс Қазақстан облысында байқалды, ал онда түйіндемелер саны қаңтарда 1,3 мыңнан 2,5 мыңға дейін, Павлодар облысында 1 мыңнан 2,2 мыңға дейін өсті.

Қаңтарда сұраныстың 84% - ын шағын, орта және ірі кәсіпорындар (57,3 мың жұмыс беруші) құрады. Айта кетейік, жеке кәсіпкерлер тарапынан сұраныс желтоқсан айының көрсеткіштерімен салыстырғанда қаңтар айында 59% - ға (26,7 мыңнан 10,9 мыңға дейін) төмендеді", - деп ведомствоның баспасөз қызметінен атап өтті.


Егер ізденушілер туралы айтатын болсақ, дәстүрлі түрде әйелдер қаңтар айында барлық түйіндемелердің 56%-ын орналастыра отырып, ЭЕБ-да үлкен белсенділік танытты. ЭЕБ-дағы ұсыныстардың үштен бірін 25-35 жас аралығындағы жастар құрады. Ізденушілер арасында жастардың басым бөлігі Нұр-Сұлтан қаласында (барлық ұсыныстың 39%–ы), Маңғыстау облысында – 36%, Шымкент қаласында және Атырау облысында – әр өңірде 35% - дан болды.

Сонымен қатар, еңбек нарығындағы біліктіліктердің теңгерімсіздігі ЭЕБ-дағы бос орындар мен түйіндемелерде де көрініс табады. 

Осылайша, нарықтағы сұраныстың көп бөлігі орташа білікті мамандарға (барлық бос жұмыс орындарының 52%), ал ұсыныс біліктілігі жоқ жұмыс іздеушілердің санынан (45%) көбірек болды. Жалпы алғанда, бос жұмыс орындарының 25%-ы жоғары білікті мамандарға және 23%-ы төмен білікті немесе біліктілігі жоқ мамандарға арналған, ал жұмыс іздеушілер арасында ұсыныстардың тек 32%-ы орта білікті мамандардан және 23%-ы жоғары білікті мамандардан болды", - деп министрлікте түсіндірді.


Егер жалақыны алып қарайтын болсақ, онда неғұрлым жоғары үміт еткен меже (орташа есеппен айына 500 мың теңгеден бастап) басқарушы позицияларға ізденушілер арасында, атап айтқанда қаржы директоры, сату басшысы, маркетинг және өнімді өткізу жөніндегі бөлім бастығы, департамент директоры, басшының кеңесшісі немесе бас директор арасында белгіленді. Сонымен бірге, сұраныс жағынан бұл жалақы деңгейі басқарушы лауазымдар үшін емес, жоғары білікті жүйелік инженерлер, бас инженерлер және бас құрылысшылар үшін ұсынылды.

Сонымен қатар, еңбек нарығында ең сұранысқа ие медбикелер/мейіргерлер, автокөлік жүргізушілері, күзетшілер, тәрбиешілер, санитарлар, бухгалтерлер болып қалуда, олардың жалақысы 75,4 мың теңгеден 98,4 мың теңгеге дейін өзгереді. Бос жұмыс орындарының саны түйіндеме санынан басым болатын ең тапшы мамандықтардың қатарына қаңтар айында күзетшілер, санитарлар, тәрбиешілердің көмекшілері, медбикелер/мейіргерлер, электршілер кіреді.  Білікті әлеуметтік қызметкерлер, заңгерлер, іс жүргізушілер, дене шынықтыру мұғалімдері көп болды.

Біліктілігі жоқ еңбекке деген қажеттілікті (ол әлі де жоғары) айта отырып, қосалқы жұмысшыларға сұраныстың күрт төмендеуін атап өткен жөн, олар үшін бос жұмыс орындарының саны өткен жылғы желтоқсандағы 20,7 мың бос жұмыс орнынан ағымдағы жылғы қаңтарда 2,8 мыңға дейін жеті есеге қысқарды.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны