15.03.2022, 13:55 13796

ҚР Ұлттық Банкі: инфляция болжамы жоғарылау жағына қарай қайта қаралуда

ҚР Ұлттық Банкі: инфляция болжамы жоғарылау жағына қарай қайта қаралуда
НҰР-СҰЛТАН. 15 НАУРЫЗ - Геосаяси ахуал нашарлап, сыртқы тәуекелдердің жүзеге асуы жағдайында инфляция болжамы жоғарылау жағына қарай қайта қаралуда. Инфляцияның 2022-2023 жылдардағы нысаналы дәлізден жоғары болып қалыптасу тәуекелі артты. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов ҚР Үкіметі отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 

Геосаяси тәуекелдердің іске асырылуы, жаһандық тауар жеткізу жолдары проблемаларының шиеленісуі, азық-түлік пен энергия ресурстары бағасының өсуіне байланысты әлемдегі сыртқы инфляциялық қысымның күшеюі, бағамның әлсіреуі инфляцияның барынша жоғары динамикасының басты себебіне айналады. Ұлттық Банк ел экономикасына сыртқы шок салдарының таралуын алдын алу, теңгеге қысымды төмендету және теңгедегі активтерді қорғау шараларын қабылдауда. Осы мақсаттар үшін биылғы жылғы 24 ақпанда Ұлттық Банк базалық ставканы 13,5%-ға дейін көтерді. Геосаяси ахуал нашарлап, сыртқы тәуекелдердің жүзеге асуы жағдайында инфляция болжамы жоғарылау жағына қарай қайта қаралуда. Инфляцияның 2022-2023 жылдардағы нысаналы дәлізден жоғары болып қалыптасу тәуекелі артты", - деді Ғалымжан Пірматов.

 
Оның ақпараты бойынша, осы жылғы ақпан айында жылдық инфляция барлық компоненттерінің қымбаттауы аясында 8,5%-дан 8,7%-ға дейін жеделдеді. Инфляцияға азық-түлік тауарлары үлкен үлес қосады, оларға бағаның өсуі 10%-ға дейін нан-тоқаш өнімдерінің, жармалардың, сүт өнімдер мен көкөністердің қымбаттауына байланысты жеделдеді.
 
Азық-түлікке жатпайтын инфляция 8,5%-дан 8,6%-ға дейін өсті. Ақылы қызметтер 6,8%-дан 7,1%-ға дейін жеделдеді, бұл бірқатар нарықтық қызметтер бағасының өсуіне байланысты.
 

Энергия, металл және ауылшаруашылық өнімдері бағасының өсуіне байланысты жаһандық инфляция бұған дейін болжанған уақыттан да ұзақ мерзім болады және ішкі бағаларға қысым жасайды", - деп атап өтті Ұлттық Банк басшысы.

 
Оның айтуынша, Үкімет пен әкімдіктердің 2022-2024 жылдарға арналған Инфляцияны бақылау және төмендету жөніндегі шаралар кешенін тиімді іске асыруы, реттелетін тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы қызметтеріне, жанар-жағармай бағасының өсуіне енгізілген мораторий және тұтынушылық сұраныстың шектеулі динамикасы инфляцияға тежеуші ықпал ететін болады.
 

Мораторийді алып тастағаннан кейін жанар-жағармай бағасының өсуіне жол бермеу керек. Ол үшін шамадан тыс делдалдықты жоя отырып, нарықтық баға белгілеуге және нарықтарды теңгерімді дамытуға жағдай жасау қажет. Сондай-ақ оның айтуынша, азық-түлік пен тыңайтқыштарға әлемдік бағаның өсуі тарапынан инфляция үшін тәуекелдерді барынша азайтқан жөн. Ол үшін сауда шараларын қабылдау, логистикадан туындайтын проблемаларды жедел шешу, тиімді тауар интервенциялары, құбылмалылықты ретке келтірудің нарықтық тетіктерін енгізу ұсынылады", - деді Ғалымжан Пірматов.

 
Оның айтуынша, осы тұрғыда бүгінгі отырыстың күн тәртібінде тұрған Орта мерзімді кезеңде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жоспарын тиімді іске асырған жөн. Азық-түлік инфляциясын тұрақтандыру инфляцияны төмендетуде маңызды болып табылады. Ұлттық Банк әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бойынша ғана емес, инфляцияға елеулі үлес қосатын басқа да тамақ өнімдері бойынша жұмыс жүргізілуі тиіс деп есептейді.
 

Бағаны тұрақтандыру үшін Ұлттық Банк өз тарапынан базалық ставка бойынша алдағы шешімдерді болжамды және нақты инфляцияны, инфляциялық күтулерді және геосаяси жағдайдың дамуы мен оған қаржы нарықтарының ықпалын ескере отырып қабылдайтын болады", - деп қорытындылады Ұлттық банк төрағасы.

 
Бұған дейін наурыз айының басынан бері Ұлттық Банк $542 млн интервенция жүргізгені хабарланған болатын.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны