14.06.2022, 16:20 9036

ҚР Премьер-Министрі инфляцияны тежеу бойынша жұмысты күшейтуді тапсырды

ҚР Премьер-Министрі инфляцияны тежеу бойынша жұмысты күшейтуді тапсырды
Сурет: Depositphotos
НҰР-СҰЛТАН. 14 МАУСЫМ - ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Үкімет отырысы барысында инфляцияны тежеу жөніндегі жұмысты күшейтуді тапсырды, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 

Мамыр айының қорытындысы бойынша елдегі жылдық инфляция 14%-ды құрады. Оның ішінде азық-түлік инфляциясының деңгейі 19%-ға жетті. Инфляцияның жеделдеуіне әсер ететін басты факторлардың бірі азық-түлік тауарларына әлемдік бағаның өсуі. Мемлекеттік органдардың бірінші басшылары мен әкімдер инфляцияны тежеу жұмысын күшейтіп, пәрменді шаралар қабылдауы тиіс", — деді Премьер-Министр.

 
Ол осы және басқа да мәселелер шілде айында Мемлекет басшысының төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысында қаралатынын атап өтті.
 

Оның ішінде инфляция және инвестициялар бойынша мәселелер көтеріледі. Барлық министрлер мен әкімдерге осы отырысқа дайындалу керек", - деді Смайылов.

 
Премьер-Министр экономиканың нақты секторының қарқынды дамуына өңдеу өнеркәсібі айтарлықтай үлес қосатынын атап өтті.
 
Азық-түлік өнімдерін өндіру 3%-ға, сусындар өндірісі 18%-дан аса артты. Жеңіл өнеркәсіп 8%, химия өнеркәсібі 11%-ға жуық өсті. Сонымен қатар резина және пластмасса бұйымдарын шығару 11%-дан асты, мұнай өңдеу 8%-ға, жиһаз және машина жасау өнімдерін шығару 10%-ға, фармацевтика өндірісі 5%-ға ұлғайды.
 
Тау-кен өнеркәсібіндегі 4% өсім табиғи газ, мұнай, көмір және металл кендерін өндіру есебінен қамтамасыз етілді. 
 
Құрылыс саласы да 9%-ға жуық тұрақты өсім көрсетіп отыр. Құрылыс материалдарының өндірісі 5%-ға өсті.
 
Қызмет көрсету секторында сауда 11%-ға, көлік саласында 8%-дан және байланыс 7%-дан астам өсті.
 
Биылғы 5 айдың қорытындысына сәйкес, Ақмола, Алматы, Қызылорда және Шығыс Қазақстан облыстарында, сондай-ақ Шымкент қаласы мен елордада барлық негізгі көрсеткіштер бойынша өсім тіркеліп отыр.
 

Жауапты мемлекеттік органдар мен өңірлердің әкімдіктеріне осы жұмыс қарқынын сақтауды тапсырамын. Ол үшін экономиканы әртараптандыру, инвестициялар тарту және жаңа тұрақты жұмыс орындарын құруды жалғастыру қажет", - деп атап өтті Премьер-Министр.

 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны