14.09.2021, 20:35 9192

Теңге тамыз айында аздап әлсіреді

Бір ай ішінде ұлттық валюта бір АҚШ доллары үшін 425,42 теңгеге дейін 0,2%-ке әлсіреді.
НҰР-СҰЛТАН. 14 ҚЫРКҮЙЕК - Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Төрағасы Ерболат Досаев Үкімет отырысы барысында тамыз айында мұнай бағасының жоғары құбылмалылығы жағдайында ұлттық валютаның мінез-құлқы туралы айтып берді, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Биылғы тамызда, Ерболат Досаевтың айтуынша, Америка құрама штаттары Федералдық резервтер жүйесінің активтерді сатып алу бағдарламасын жақын арада тоқтату және дельта штаммына қатысты алаңдаушылық туралы белгілері салдарынан жаһандық инвесторлардың тәуекел-сентиментінің нашарлауына байланысты мұнай бағасының жоғары құбылмалылығы байқалды. Бір ай ішінде мұнай бағасы бір баррель үшін $73 дейін 4,4%-ке төмендеді. Экспорттаушылардың салық міндеттемелерін орындауы үшін шетел валютасын сатуы мұнай бағасының төмендеуі аясында теңгенің құбылмалылығын реттеді. Бір ай ішінде ұлттық валюта бір АҚШ доллары үшін 425,42 теңгеге дейін 0,2%-ке әлсіреді.
 

Квазимемлекеттік сектор субъектілерінің міндетті сатуы шеңберіндегі сату және бюджетке трансферттерді жүзеге асыру үшін Ұлттық қордың қаражатын конвертациялау операциялары да теңгеге қолдау көрсетті. Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша экономикалық белсенділіктің қалпына келуі және импорттың 9,2%-ке өсуі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда шетел валютасына сұранысты бір деңгейде ұстайды", — деді ол.

 
Ол Ұлттық қордың активтері биылғы тамыздың соңында $56,9 млрд болғанын хабарлады. Биылғы тамызда 396 млрд теңгеге нысаналы және кепілдендірілген трансферттерді бөлу үшін $845 млн сатылды. Биылғы тамызда Ұлттық қорға түскен түсімдер 420 млрд теңге, оның ішінде шетел валютасында $506 млн немесе баламасында 215 млрд теңге болды. 
 
Осы жылғы тамызда Ұлттық қордың инвестициялық кірісі оң қалыптасты және $316 млн немесе 0,56% болды. Тамыз айында акциялардың $431 млн немесе 2,52%-ке өсуі облигациялар мен алтын бағасының төмендеуін өтеді. Жыл басынан бастап Ұлттық қордың инвестициялық кірісі негізінен акциялар нарығында өсуді жалғастыруына байланысты $2,3 млрд немесе 4,11% болды.
 
Алтынвалюта резервтері бір айда $1,8 млрд ұлғайып, биылғы тамыздың соңында $36,8 млрд құрады. Алтын портфелі бір унция үшін $1 814 дейін 0,8%-ке төмендегеніне қарамастан, басым құқықты іске асыру шеңберінде алтын сатып алу есебінен $134 млн өсті. 
 
Еркін конвертацияланатын валютадағы активтер негізінен Халықаралық Валюта Қорынан арнайы қарыз алу құқықтарының $1,6 млрд сомасына түсуі және екінші деңгейдегі банктердің шетел валютасындағы корреспонденттік шоттары мен депозиттерінің өсуі есебінен $1,7 млрд өсті. 
 
Ұлттық қордың активтерін қоса алғанда, жалпы халықаралық резервтер бір айда $1,8 млрд ұлғайып, $93,7 млрд құрады.
 
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтері жыл басынан бері зейнетақы жинақтарын алу қарқынының төмендеуі аясында 52 млрд теңгеге немесе 0,4%-ке ұлғайып, биылғы тамыздың соңында 12,9 трлн теңгені құрады. Мысалы, қаражатты ай сайынғы алу көлемі ақпан айындағы 643 млрд теңгеден тамыз айында 118 млрд теңгеге дейін немесе 5,5 есе баяулады.
 

Салымшылардың зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын алу бойынша орындалған өтініштерінің саны 1,8 трлн теңге сомасына 449,3 мың болды, оның ішінде тұрғын үй мәселелерін шешуге – 1 765 млрд теңге немесе 97,9%", — деді қаржы реттеушісінің басшысы.

 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны