28.01.2022, 17:46 17901

"Жасыл Даму" кәдеге жарату төлемдерін қабылдау уақытша тоқтатты

"Жасыл Даму" АҚ "ӨКМ Операторы" ЖШС қатысты тексеру іс-шараларын жүргізуге байланысты кәдеге жарату алымдарын қабылдауды уақытша тоқтата тұру туралы хабарлады.
"Жасыл Даму" кәдеге жарату төлемдерін қабылдау уақытша тоқтатты
Сурет: Depositphotos
НҰР-СҰЛТАН. 28 ҚАҢТАР - "Жасыл Даму" АҚ "ӨКМ Операторы" ЖШС қатысты тексеру іс-шараларын жүргізуге байланысты кәдеге жарату алымдарын қабылдауды уақытша тоқтата тұру туралы хабарлады, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY "Жасыл Даму" АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 

Жасыл Даму" АҚ баспасөз қызметі хабарлағандай, құзыретті органдар "ӨКМ Операторы" ЖШС қатысты тексеру іс-шараларын жүргізуге байланысты, сондай-ақ өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелерін әкімшілендіру бойынша функцияларды бұрынғы оператордан "Жасыл Даму" АҚ басқаруына беру процесінің аяқталмауына орай төмендегі қызметтерді көрсету уақытша тоқтатылғанын хабарлайды:

 
  • кәдеге жарату төлемдерін қабылдау;
  • ескі көліктерді, агро техникаларды қабылдау;
  • ескі техниканы кәдеге жаратуға тапсырғандарға өтемақы төлеу;
  • қалдықтарды жинаушыларды, тасымалдаушыларды және қайта өңдеушілерді субсидиялау.
 

Барлық ұйымдастырушылық және заңдық үдерістер аяқталғаннан кейін, серверлік бағдарламалық қамтамасыз ету жұмысы толық қолжетімді болғанан соң, "Жасыл Даму" АҚ-ның барлық міндеттемелерін толық орындалатын болады. Жоғарыда аталған себептерге байланысты әзірге тиісті қызметтерді жүргізу мүмкін емес. Баршаңызды қазіргі қалыптасқан жағдайға түсіністікпен қарап, көрсетілетін қызметтің қайта іске қосылуын күтулеріңізді сұраймыз", - делінген хабарламада.

 
Ақпараттық жүйелер жұмысының іске қосылғандығы туралы қосымша хабарланатын болады.
 
Естеріңізге сала кетейік, Президент Тоқаев кәдеге жарату алымымен мемлекеттік ұйым айналысуы тиіс деп мәлімдеді.
 
18 қаңтарда Үкімет қаулысымен "ӨКМ Операторы" ЖШС-ның кәдеге жарату алымы жөніндегі қызметі тоқтатылды. Өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелерінің операторы "Жасыл Даму" акционерлік қоғамы тұлғасындағы мемлекеттік ұйым болып айқындалды.
 
26 қаңтарда "ӨКМ Операторы" ЖШС басқарма төрағасы мен экология вице-министрінің ұсталғаны белгілі болды. Олар сыбайлас жемқорлық қылмыс жасады деген күдікке ілінді. Соттың санкциясымен күдіктілер екі айға қамауға алынды.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны