31.08.2021, 18:40 7952

Жамбыл облысында ТЖ салдарынан хабар-ошарсыз кеткен адамдарды іздеу жалғасуда

ТАРАЗ. 31 ТАМЫЗ - Жамбыл облысында әскери қойманың жарылуы салдарынан хабар-ошарсыз кеткен адамдарды іздеу жалғасуда, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Бұдан бұрын хабарланғандай, Жамбыл облысында жарылыс кезінде қаза тапқандар саны он бес адамға жетті. Туыстары Жамбыл облысынан табылған ТЖМ қызметкерін анықтады.
 

Жамбыл облысындағы жарылыс орнынан табылған мәйіттің кім екендігі анықталды. Ол 3-МӨСБ қарауыл бастығы Заикин Сергей Владимирович болып шықты. Мәйітті марқұмның туыстары таныды", - деп хабарлады Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінде.

 
ТЖМ хабарлағандай, жоғалған тағы бір адамды іздестіру жұмыстары жалғасуда.

 
ҚР Қорғаныс министрлігінің деректері бойынша, кеше Тараз гарнизонына сапар барысында Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев, Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин және Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевпен бірге хабарсыз-ошарсыз кеткен әскери қызметшілер мен ТЖД өрт сөндірушілерін іздеу жұмыстарына қатысты. Олар техникалық аумаққа барып, оқиға орнын қарап, сондай-ақ оқ-дәрілердің қалдықтарын залалсыздандыру және іздестіру бойынша іздеу жұмыстарының барысымен танысты.
 
Саперлерді, техниктерді және із кесуші иттерді жұмылдыру арқылы жұмыс тоқтамай жүруде.
 
Кеше Қорғаныс министрі генерал-лейтенант Нұрлан Ермекбаев Таразға ұшып келіп, "Оңтүстік" өңірлік қолбасшылығының 28349 әскери бөліміндегі өрт салдарын жою жөнінде жүргізіліп жатқан іс-шаралармен танысты. "Оңтүстік" өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы генерал-майор Қайдар Қарақұлов қазіргі уақытта жарылыс қаупі бар заттардан техникалық және әкімшілік аумақты, сыртқы және ішкі қоршауларды тазарту жүргізіліп жатқанын баяндады. Хабар-ошарсыз кеткен әскери қызметшілерді кинологтармен бірге іздестіру жұмыстары жалғасуда.
 
Оқ-дәрілер қалдықтарының ұшу радиусын анықтау мақсатында ұшқышсыз ұшу құрылғыларының есептоптары жұмыс жүргізуде. 28349 әскери бөлімінің инфрақұрылымына келтірілген залалды бағалау үшін ҚР ҚМ Әскерлерді пәтерлерге орналастыру бас басқармасының комиссиясы жұмыс жасауда.
 

Оқ-дәрілердің бөлшектері 300 метрге, яғни базаның қоршауынан тек солтүстік және оңтүстік жаққа қарай ұшқаны анықталды. Базада снарядтар сақталмаған", - деп хабарлады Қорғаныс министрлігінде.

 
Бұдан басқа, Қорғаныс министрі Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин және Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевпен әкімшілік ғимаратында "Халық Қаһарманы" атағы мен ордені берілген марқұм ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі бастығының орынбасары полковник Мейіржан Қақпасынұлы Аймановтың туыстарымен кездесті.
 
 "Оңтүстік" өңірлік қолбасшылығының штабында қорғаныс ведомствосының басшысы ТЖ министрі және Жамбыл облысының әкімімен бірге ҚК қызметкері Оразбек Дайраұлы Дәлібаев, ефрейтор Руслан Жүрсінбайұлы Жанболатов, механик-жүргізуші сержант Марат Сайлауұлы Мешінбай және старшина Еркін Ерікбайұлы Нәдірбеков марқұмдардың отбасыларына III дәрежелі "Айбын" орденін тапсыру рәсіміне қатысты. Олардың бәрі 28349 әскери бөлімінде қызмет етті.
 
Осындай шаралар Жамбыл облысының Төтенше жағдайлар департаментінде де ұйымдастырылды.
 
Жамбыл облысы ТЖД "ӨСжАҚЖҚ" ММ бастығының орынбасары Мейіржан Қаппасынұлы Айманов марқұмға "Халық қаһарманы" атағы мен ордені берілді.
 
Жамбыл облысы ТЖД "ӨСжАҚЖҚ" ММ Өрт сөндіру басшысының орынбасары – жедел кезекшісі Александр Николаевич Микропуло (марқұм) І дәрежелі "Айбын" орденімен марапатталды.
 
ІІІ дәрежелі "Айбын" ордені Жамбыл облысы ТЖД "ӨСжАҚЖҚ" ММ Тараз қаласы 3-ӨСБ өрт сөндіруші-құтқарушысы Арнұр Серікұлы Темірболатовтың (марқұм), 3-ӨСБ аға өрт сөндіруші-құтқарушылар – Елдос Қадырбайұлы Сандыбаевтың (марқұм) және Тәңірберген Құдайбергенұлы Төребековтің (марқұм) отбасыларына берілді.
 
Қорғаныс ведомствосының басшысы ҚР Қарулы Күштерінің барлық жеке құрамының атынан көңіл айтты. Бүкіл отбасына және олардың кәмелетке толмаған балаларына қажетті әлеуметтік және материалдық көмек көрсетіледі.
 

Қаза тапқан әскери қызметшілер мен емдеу мекемелеріндегі әскери қызметшілердің отбасыларын зерделеу және оларға көмек көрсету мақсатында Қорғаныс министрлігінің мобильдік топтары құрылды, оның құрамына психологтар, заңгерлер, қаржыгерлер, отбасылармен жұмыс жөніндегі қызметтердің өкілдері және т.б. кірді. Қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасы мүшелеріне де, емдеу мекемелеріндегі әскери қызметшілерге де әлеуметтік, психологиялық және материалдық көмек көрсету бойынша жұмыс ұйымдастырылды. Отбасылармен жұмыс жөніндегі қызмет олардың балаларын мектепке дайындау бойынша жұмыс жүргізуде", - деді Бас штаб бастығының орынбасары - Тәрбие және идеологиялық жұмыс департаментінің бастығы, генерал-майор Серік Бұрамбаев.

 
Сондай-ақ, оның айтуынша, ТЖМ әскери қызметшілері мен қызметкерлерінің отбасыларына ерікті қаржылық көмек көрсету қоры құрылды. Бір күндік ақшалай үлесті аудару туралы шешім қабылданды. Балаларды қамқорлыққа алу ұйымдастырылды. Бұл жұмыс тұрақты негізде жалғасатын болады.
 

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына жерлеуге арналған шығыстар, 5 жыл үшін ақшалай үлес (жалақы) мөлшерінде біржолғы төлемдер төленетін болады. Сондай - ақ, тұрғын үймен қамтамасыз етуге өтемақы төлеу қарастырылған, оның мөлшері әскери қызметшілердің отбасы мүшелерінің санына байланысты әрбір отбасы үшін дербес айқындалатын болады", - деп хабарлады Бұрамбаев.

 
Еске сала кетейік, Жамбыл облысы Байзақ ауданында орналасқан әскери бөлімдегі жарылыс пен өрт туралы алғашқы ақпарат 26 тамызда түскен болатын. Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінен хабарлағандай, "сағат 19:00 шамасында қоймалардың бірінің жанында өрт шықты. Өрт салдарынан белгісіз заттар жарылды".
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны