23.02.2023, 13:38 25781

2022 жылы Қазақстаннан 80 шетелдік қылмыскер экстрадицияланды - Бас прокуратура

Қылмыс санаттары бойынша, адамдар негізінен алаяқтық, ұрлық, адам өлтіру, есірткінің заңсыз айналымы үшін беріледі
Астана. 23 ақпан. KAZAKHSTAN TODAY - 2022 жылы Қазақстан Республикасынан 80 шетелдік қылмыскер экстрадицияланды, деп хабарлайды ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметі.

2022 жылы біз шет мемлекеттердің ұстап беру туралы 90-нан астам сұрау салуын қарадық, оның 80-і қанағаттандырылды. Қазақстанның негізгі әріптестері Ресей, Өзбекстан және Қырғызстан болып табылады, олармен экстрадициялау мәселелері бойынша өзара іс-қимылдың ең үлкен көлемі атап өтіледі. Аталған мән-жайлар мемлекеттердің құқықтық жүйелерінің ұқсастығына, олардың географиялық орналасуының жақындығына және көші-қон ағындарының қарқындылығына байланысты", - деп хабарлады ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметі.


Қылмыс санаттары бойынша, адамдар негізінен алаяқтық, ұрлық, адам өлтіру, есірткінің заңсыз айналымы үшін беріледі.

Сонымен қатар, ведомствода атап өткендей, Қазақстанның әлемдік қоғамдастыққа бірігуі бізге алыс шет елдерден келген шетелдік әріптестермен тиімді өзара іс-қимыл жасауға мүмкіндік береді. Мұндай ынтымақтастықтың құқықтық негізі біздің мемлекетіміз қатысушы болып табылатын екіжақты және көпжақты шарттар болып табылады.

Экстрадициялау туралы шарттары жоқ елдермен адамдарды ұстап беру туралы мәселелер халықаралық құқықта қолданылатын өзара іс-қимыл қағидаты негізінде қаралады. Бұл ретте, біз әрекетті қылмыс ретінде өзара тану талабын басшылыққа аламыз. Атап айтқанда, соңғы жылдары біз АҚШ, Түркия, Литва құзыретті органдарының сұранысы бойынша іздеуде жүрген адамдарды бердік", - деп хабарлады баспасөз қызметі.


Шет мемлекеттердің құқық қорғау органдарына экстрадициялау мәселелерінде уақтылы және сапалы көрсетілетін құқықтық көмек біздің шетелдік әріптестеріміздің адамдарды ұстап беру туралы қазақстандық сұрау салуларды оң қарауына көп жағынан ықпал ететіні атап өтілді.

Жалпы, осы бағытта жүргізіліп жатқан жұмыс жасырын қылмыскерлерді әшкерелеуге және ең бастысы олардың жасалған қылмыстар үшін заңмен белгіленген қылмыстық жауаптылықтан кетуіне жол бермеуге мүмкіндік береді", - деп қосты баспасөз қызметі.


Бұған дейін Бас прокуратурада кісі өлтіру, адам саудасы және ұрлық жасағаны үшін Қазақстанға экстрадицияланғандар туралы айтылған болатын.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны