02.11.2022, 13:41 11086

Сатыбалды ісі: құны 230 млн доллардан асатын асыл тастар мен зергерлік бұйымдар Қазақстанға қайтарылды

Сатыбалды ісі: құны 230 млн доллардан асатын асыл тастар мен зергерлік бұйымдар Қазақстанға қайтарылды
Сурет: Depositphotos
Астана. 2 қараша. KAZAKHSTAN TODAY - Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Қ. Сатыбалдыұлы мен басқа да адамдарға қатысты қылмыстық жолмен алынған ақшаны және өзге де мүлікті заңдастыру (жылыстату) фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жалғастыруда, деп хабарлайды ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметі.
 

Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде алыс шет елдерде фигуранттарға тиесілі, құны 230 миллион АҚШ долларынан асатын, мемлекет кірісіне айналдырылған эксклюзивті асыл тастар мен зергерлік бұйымдар орнатылып, елге қайтарылды", - деп хабарлады Антикорда.

 
Сонымен қатар, ведомствоның мәліметінше, "Қ. Сатыбалдыұлының шетелдік бағалы қағаздарға 300 миллион АҚШ долларын салу фактісі анықталды. Көрсетілген сома жақын арада Қазақстан бюджетіне түседі".
 

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша заңсыз әкетілген капиталды іздеу және елге қайтару жалғасуда", - деп атап өтті агенттікте.

 
Бұған дейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Олжас Бектенов хабарлағандай, заңсыз алынған активтер мен шығарылған қаражаттың шамамен 500 миллиард теңгесі мемлекетке қайтарылды.
 
Естеріңізге сала кетейік, Қайрат Сатыбалды мен басқа да тұлғаларға қатысты істі тергеу барысында "Қазақтелеком" АҚ мен "Көліктік сервис орталығы" АҚ қаражатын жымқыру фактілері бойынша мемлекетке жалпы сомасы 240 миллиард теңгеден асатын немесе 500 миллион доллардан асатын заңсыз жолмен алынған активтер мен ақшалай қаражат қайтарылды.
 
Шілде айында Бас прокуратура Қайрат Боранбаев, Қайрат Сатыбалдыұлы, Гүлмира Сатыбалды, "РОП" ЖШС басшыларына қатысты істерді тергеу аясында мемлекетке қайтарылған сомаларды жариялады.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны