27.08.2021, 19:37 8116

Жамбыл облысындағы жарылыс: 4 әскери қызметші қаза тапты

Қазіргі кезде бірнеше адам әлі байланысқа шыққан жоқ, іздеу жұмыстары жүргізілуде.
ТАРАЗ. 27 ТАМЫЗ - Жамбыл облысында ТЖ салдарын жою кезінде 4 әскери қызметші қаза тапты, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY Орталық коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
 

Барлық зардап шеккендерге медициналық көмек көрсетілуде. Өкінішке орай, оқиға салдарын жою кезінде 4 әскери қызметші қаза тапты", - деп хабарлады брифинг барысында ҚР Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев.

 
Оның мәліметінше, қаза тапқандардың немесе жараланғандардың арасында бейбіт тұрғындар жоқ. Барлық зардап шеккен - әскери қызметшілер.
 
ҚР Қорғаныс министрлігі хабарлағандай, Жамбыл облысындағы инженерлік оқ-дәрілер қоймасында өрт салдарынан келісімшарт бойынша екі әскери қызметші – 1981 жылы туған сержант Марат Сайлауұлы Мешінбай және 1981 жылы туған ефрейтор Руслан Жүрсінбайұлы Жанболатов, 1962 жылы туған әскерилендірілген күзет қызметшісі азамат Оразбек Дайырбекұлы Далибаев қаза тапты. 
 
Сержант Марат Мешінбай мен ефрейтор Руслан Жанболатов өрттің алғашқы минуттарынан бастап әскери бөлімнің өрт сөндіру командасының құрамында болды. Жарылыстардың жанында болып, олар ауыр жарақаттар алды. Әскерилендірілген күзет қызметшісі Оразбек Далибаев қойманы күзету жөніндегі қарауыл бастығының көмекшісі қызметін атқарды. Қызметтік міндеттерін атқаруда оқ-дәрілердің жарылуы салдарынан қаза тапты. Қаза тапқандардың төртіншісі – Оңтүстік өңірдің әскери прокуроры әділет полковнигі Арман Қапезов. 
 
Қазіргі кезде бірнеше адам әлі байланысқа шыққан жоқ, іздеу жұмыстары жүргізілуде. 
 
Естеріңізге сала кетейік, 27-тамыз 08.00 сағаттағы жағдай бойынша 28 адам ауруханада ем қабылдаса, оның ішінде 6 адам ауыр халде. 
 
2021 жылғы 26 тамызда сағат 19.00 шамасында Жамбыл облысы Байзақ ауданында орналасқан әскери бөлімдегі инженерлік оқ-дәрілер қоймасынан өрт шықты. Өрт тез арада инженерлік оқ-дәрілер сақталатын қоймаларға таралды. Өртті оқшаулау мүмкін болмай ол басқа қоймаларға таралды. Өрт салдарынан инженерлік оқ-дәрілердің бірнеше жарылысы орын алды. 
 

Өрт шыққан соң бір сағат өткеннен кейін алғашқы жарылыстар болды. Әр түрлі уақыт аралығымен салыстырмалы түрде қуаттылығы төмен 10-нан астам жарылыс болды", - деп нақтылады Нұрлан Ермекбаев.

 
Қорғаныс министрі түнде жарылыстар тоқтағанын айтты. Оқиға себептерін анықтаумен құрылған жедел-тергеу тобы айналысуда.
 

Алдын ала болжамдар бойынша себептер әртүрлі болуы мүмкін. Өрт қауіпсіздігі талаптарының бұзылуы, өздігінен жану, химиялық реакция. Сондай-ақ қасақана өртеу немесе диверсия сияқты болжамдар да қарастырылуда", - деп атап өтті ведомство басшысы.

 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны