28.01.2022, 17:20 22666

Полицей жасаған өлім апаты: марқұмның туыстары кінәлі мас болған деп мәлімдейді

Алматы облысында жол апатынан ажал құшқан 19 жастағы Лаура Әділжанованың туыстары тергеу толыққанды жүретініне күмән келтіреді.
Полицей жасаған өлім апаты: марқұмның туыстары кінәлі мас болған деп мәлімдейді
Сурет: Бейнеден кадр
ТАЛДЫҚОРҒАН. 28 ҚАҢТАР - Алматы облысында жол апатынан өлген Лаураның туыстары әділ тергеуге күмәнді.
 
Алматы облысында жол апатынан ажал құшқан 19 жастағы Лаура Әділжанованың туыстары тергеу толыққанды жүретініне күмән келтіреді. Өйткені қайғылы жағдай полиция қызметкерінің қатысуымен болған. Марқұмның туыстары мас күйінде көлігімен жүйіткіген тәртіп сақшысы оқиға орнынан қашып кеткенін айтады.
 
Өткен жексенбіде полиция капитаны тізгіндеген жол талғамайтын машина қарсы бағытқа шығып, жолаушыларға лық толы такси көлігімен соқтығысқан болатын. Соның салдарынан үш адам түрлі жарақат алып, бойжеткен оқиға орнында жан тапсырды. Ал қамауға алынған күдікті дереу Ішкі Істер органынан шығарылған. 
 

19 жасында қыршыннан қиылды. Арманы көп еді". 

 
Лаураның қазасы бүтін бір әулеттің қабырғасын қайыстырды. Қыздарын күні кеше ғана жер қойнына тапсырған марқұмның туыстары есеңгіреген күйде отыр. Өткен жексенбіде "киім аламын" деп қалаға шығып кеткен 19 жастағы жасөспірім жол апатынан жан тәсілім етті. Соңғы рет ол анасына "таксиде келе жатырмын" деп қоңырау шалған. Көп ұзамай қыздары отырған көлік апатқа ұшырады деген жайсыз хабар жеткен. 
 

Жетіде таксиге отырдым деді. 7.40-та такси енді жүрді деп айтты. Не үшін көп тұрдың деп едім. Адам жинады деді. Бір уақытта телефон шырылдады. Алсам, басқа адам хабарласып тұр. Қызыңыз апатқа түсіп қалды, келесіз бе деп. Қызым артында отырған", - деді марқұмның анасы Күләш Кәрібаева.


 
Абылайхан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің 3-курс студенті оқуында озат, ортасында сыйлы болған дейді жақындары. Бос уақытында қолына қылқалам ұстап, сурет салуды жаны сүйетін бойжеткен өмірдің қызығын көрмей, жастайынан қыршыннан қиылғаны әке-шешесінің жанына батады. 
 

"Папа, мен лидермін" деп келетін. Міне, міне шетелге жіберемін. Группаңнан адам жиналсыншы. "Биыл барасың, қызым" деп мен уәде бергем. Арманы көп болған. Төрт тілді толық білетін. Өз адам еңбегімен жүрген. Аяқ асты осылай кетті. Кешірім деген әңгіме жоқ. Құдайдан кешірім болар. Мен соңына дейін барамын", - дейді марқұмның әкесі Майлыбай Маттанаев.

 
Жантүршігерлік жол апаты үш күн бұрын кешкі сегіз шамасында Алматы-Талғар тас жолының бойында болған. Жол талғамайтын темір тұлпар қарсы бағытқа шығып, жоғарғы жылдамдықпен Хонда маркалы көлігіне бетпе-бет соқтығысқан. Соның салдарынан өз жолымен келе жатқан машинаның ішідегі үш адам ауруханаға жеткізілсе, 19 жастағы бойжеткен оқиға орнында жан тапсырды. 
 
Жол ережесін өрескел бұзып қайғылы жағдайға себепші болған қара түсті Тойота Прадоның рөлінде полиция қызметкері отырған. Куәгерлердің айтуынша, көліктің жарығын өшіріп жүйткіген тәртіп сақшысы апаттан кейін оқиға орнынан қашып кетіп, абыр-сабыр басылды-ау дегенде бір-ақ келіпті. Марқұмның ағасы оның ішімдікке сылқия тойып алғанын өз көзімен көргенін айтады. Тіпті көлігінің ішінен ашылған арақтың бөтелкесі де табылған. 
 

Жүргізушіні іздей бастадым. Сол жердегі адамдар айтты. Ол ана көліктің артында отыр деп. Артына барып, есігін ашқан кезде сол жігітті көрдім. Аузынан арақтың иісі бұрқырап шығып тұрды. Жүргізушіні мас күйінде көріп, келесі күні тергеушілерге бардық. Сараптаманың нәтижесін білуге. Сараптама нәтижесінде ішпеген. Сап-сау. Бәрі дұрыс деп жазылған. Ол жалған ақпарат.Сараптаманы қайтадан тапсырып, шын нәтиже шыққанын қалаймыз", - деп айтты марқұмның ағасы Мақсат Әділжан.

 
Алайда құзырлы органдар сараптама қорытындысы әлі шықпағанын жеткізді. Қазір аталған жайтқа қатысты "абайсызда адам өлтіру" және "жол апаты болған жерден кетіп қалу" баптары бойынша қылмыстық іс қозғалып тергеу жүріп жатыр. Қамауға алынған полиция капитаны бірден қызметінен қуылған. 
 

Аталған дерек бойынша қызметтік тексеру жүргізіліп, 24 қаңтарда тәртіптік комиссияның шешімімен полиция беделін түсіргені үшін күдікті ішкі істер органдарынан босатылды. Жол-көлік оқиғасына қатысты ҚР ҚК 345 бабының 3-бөлігі және 347 бап бойынша қылмысты іс қозғалды. Күдіктіден қан алынып, сот химикалық-таксикологиялық сараптама тағайындалды", - деді Алматы облысы ПД ресми өкілі Ернар Сайділдин.

 
Дегенмен қара жамылған отбасы полиция департаментіндегілер бұрыңғы әріптестерінің жамандығын жасырып, кінәлі адам жазасыз қала ма ма деп қауіптенеді. Сондықтан олар тергеудің әділ өтуін талап етеді.

Естеріңізге сала кетейік, 23 қаңтарда Алматы-Талғар тас жолының 12-ші шақырымында жол апаты орын алған болатын.
 
Ақпарат көзі: ktk.kz 
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны