11.04.2022, 19:35 22606

Полиция қызметкерлері қаңтар айындағы оқиғалар барысында ұрланған 1430 қаруды тәркіледі

Полиция қызметкерлері қаңтар айындағы оқиғалар барысында ұрланған 1430 қаруды тәркіледі
Сурет: polisia.kz
НҰР-СҰЛТАН. 11 СӘУІР - Бүгінгі таңда полиция қызметкерлері қаңтар айындағы оқиғалар барысында ұрланған 1 430 қаруды тәркіледі. Бұл туралы ҚР ІІМ Тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов мәлімдеді, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY Орталық коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
 

Ұрланған қаруды алу үшін іздеу бойынша белсенді жұмыс жалғасуда, өйткені бұл қарулар халықтың өмірі мен денсаулығына әлеуетті қауіп төндіреді, сондай-ақ ауыр және аса ауыр қылмыстар жасаған кезде қолданылуы әбден мүмкін. Бүгінгі таңда қабылданған шаралар нәтижесінде еліміздің полицейлері 1 430 бірлік қару мен 35 мыңнан астам оқ-дәріні тауып, тәркіледі. Оның ішінде 323 тапанша, 148 автомат, 195 травматикалық тапанша, 30 гранатомет, 69 бірлік арнайы қару, 8 мылтық, 6 оқшашар және т.б. алып қойылды", - деді Санжар Әділов.

 
Оның ақпараты бойынша, ағымдағы жылғы 29 наурызында Жамбыл облысы полиция департаментінің ғимаратына шабуыл жасады деген күдікпен Тараз қаласының тұрғыны ұсталды, ол ағымдағы жылдың 6 қаңтарына қараған түні әкімшілік ғимараттың қоймасынан оқ қорапшасы бар 4 Макаров тапаншасын, 7,62 мм калибрлі 120 патронды және 12 калибрлі 11 аңшылық патронды ұрлап кеткен. Ұрланған қару күдікті тұратын жер үйдің ауласында жасырын жерден алынды. 
 
Жаппай тәртіпсіздіктердің белсенді мүшесі болған Тараз қаласының тағы бір тұрғыны тергеу іс-шараларын өткізу барысында Жамбыл облысы ПД-нен өзі ұрлаған қаруды сақтаған екі жасырын орнын көрсетті. 
 
Тараз қаласының шетіндегі тінту іс-шаралары барысында далада көмулі екі қорап оқсауыты толық "Калашников" автоматы табылды. 
 
Байзақов ауданындағы екінші жасырын жерден төрт оқсауыты бар "Макаров" тапаншасы, екі травматикалық тапанша, 7,62 мм калибрлі 120 оқ табылып, тәркіленді. Ауыр қылмыс жасаған күдікті соттың санкциясымен қамауға алынды.
 
19 наурызда Алматы қаласы полиция департаменті Криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері Алматы қаласындағы "Камерад" дүкеніне шабуыл жасап, қару ұрлаған екі қала тұрғынын анықтады. Олар өздері жалға алынған үйдің ауласында ұрлаған оғы бар 12 калибрлі төрт "Сайга" аңшылық мылтығын және 12 калибрлі "Сибергун" бір аңшылық мылтығын, сондай-ақ екі бронежилетті жасырып сақтаған. Күдіктілердің екеуі де соттың санкциясымен қамауға алынды.
 
ҚР ІІМ тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов адал азаматтарды қаңтардағы оқиғаларға қатысты кез келген ақпарат туралы Ішкі істер органдарына хабарлауға шақырды. Ал қару табылған жағдайда оны өз еркімен тапсыруды сұрады. 
 
Бұл туралы 72-22-45 телефонына қоңырау шалу немесе 102 мобильді қосымшасы арқылы хабарлауға болады. 
 

Кез келген ақпарат тексеріліп, тиісті шаралар қабылданатын болады. Бұрын біз Бас прокуратурамен бірлесіп, егер оның іс-әрекеттерінде өзге қылмыс құрамы болмаса, қаруды өз еркімен тапсырған адам қылмыстық жауаптылыққа тартылмайтыны туралы ресми түсіндірме берген болатынбыз", - деп хабарлады полковник.

 
Оның айтуынша, түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде азаматтар ерікті түрде 122 қару тапсырды.
 

Бүгінде ішкі істер органдары тергеушілерінің іс жүргізуінде 1090 қылмыстық іс бар. Бұл ретте 165 адам күзетпен ұсталуда. Олардың барлығы ауырлататын мән-жайлар кезінде ауыр және аса ауыр қылмыстар жасады. Жеке басын ескере отырып, 315 күдікті қамаудан босатылды – бұл алғаш рет қылмыс жасағандар және өз кінәсін мойындаған адамдар. 377 күдіктіге қатысты қылмыстық істерді тергеу аяқталып, олар сотқа берілді", - деп хабарлады спикер. 

 
196 адам ұрлық жасаған, қару-жарақтың заңсыз айналымы үшін 39, тонау, ұрлау және ұсақ ұрлық жасады деген күдікке 3 адам ілінді.
 

Бүгінгі таңда ел соттары 168 адамды соттады, олардың ішінде 147 адам олардың өкілеттігін және келтірілген зардаптың орнын толтыру бойынша қабылданған шараларды ескере отырып, және адамгершілік қағидаттарын басшылыққа ала отырып қоғамнан оқшаулауға байланысты емес бұлтартпау жазаларына сотталды", - деді спикер.

 
Ол атап өткендей, сотталғандардың кінәсі негізінен қылмыс жасалған жердегі бейнежазбалармен, куәлар мен көзбен көргендердің көрсетулерімен, сондай-ақ алынған заттай дәлелдемелермен дәлелденеді.
 
Қалған қылмыстық істер өндірісте, аяқталу сатысында, дәлелдемелерді жинау бойынша тергеу амалдары жүргізілуде, сараптамалық зерттеулердің нәтижелері күтілуде.
 

Полиция органдары құны 340 млн теңгеден астам сомаға бағаланатын азаматтарымыздың ұрланған мүлкін анықтап, алып қойды", - деді Санжар Әділов.

 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны