28.02.2023, 12:05 21181

Алматыда журналистерге жасалған арандатушылық шабуылдардың үйлестірушісі ұсталды

Алматыда журналистерге жасалған арандатушылық шабуылдардың үйлестірушісі ұсталды
Сурет: depositphotos
Қылмыстық топ шабуылдарының басты мақсаты - журналистерді қудалауды имитациялау арқылы ҚР Президентін және ол жүргізіп отырған демократиялық реформаларды дискредитациялау

Алматы. 28 ақпан. KAZAKHSTAN TODAY - ІМ және ҰҚК ведомствоаралық жедел-тергеу тобы БАҚ өкілдеріне шабуыл ұйымдастырған күдікті топтың жолын кесті.

Оларға ҚР Қылмыстық кодексінің 115-бабы "Қорқыту", 147-бабы "Жеке өмірге қол сұғу", 158-бабы "Журналистік қызметке кедергі келтіру", 202-бабы "Біреудің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру" және 293-бабы "Бұзақылық" бойынша айып тағылуда.

Polisia.kz хабарлағандай, Алматыда арандатушылық шабуылдардың тікелей үйлестірушісі - шетелдік азамат, білікті хакер О.Токарев ұсталды.

Оның уақытша тұрып жатқан жерінен шабуылдарды басқару, анонимді Telegram-аккаунттарда "тапсырыстар" беру, орындаушыларды табу және олардың акцияларына ақы төлеу жүргізілген техника табылып, тәркіленді. Аталған топ В.Борейкоға, Г.Бажкеноваға, Г.Ерғалиеваға, С.Ибраеваға және бұқаралық ақпарат құралдарының басқа да өкілдеріне қарсы 30-дан астам арандатушылық шабуыл жасаған. Бұл - автокөлікті өртеу, журналистерге, олардың туыстары мен редакцияларға қоқан-лоққы көрсету мен шабуылдар жасау, DDoss шабуылдар", - деп нақтылады полицияда.


Қылмыстық топ шабуылдарының басты мақсаты - журналистерді қудалауды имитациялау арқылы ҚР Президентін және ол жүргізіп отырған демократиялық реформаларды дискредитациялау.

Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу мүддесіне сәйкес басқа мәліметтер жария етілмейді.

Бұған дейін Қазақстанда журналистер мен блогерлерге қатысты құқыққа қайшы әрекеттер жасағаны үшін 18 адам ұсталғаны хабарланған болатын.

Естеріңізге сала кетейік, Алматы полициясы журналист Борейконың операторына тиесілі екі көліктің жарылысын тергеп жатыр. Бұған дейін БАҚ-та Вадим Борейконың пәтерінің есігін белгісіз адамдар монтажды көбікпен толтырғаны туралы хабарланған болатын.

Сонымен қатар, Еlmedia басылымының редакциясына бірнеше рет шабуылдар жасалып, қызметкерлерге қауіп төнді. Өткен жылдың қараша айында Алматыда журналистерге қарсы бұзақылық жасап, Elmedia, KZ News және Orda.kz редакциялық кеңселерінің мүлкіне зиян келтірген екі күдікті қамауға алынды.

Қаңтар айында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев журналистерге қарсы бірқатар қылмыстарға мұқият тергеу жүргізуді тапсырды.

Ақпарат көзі: Polisia.kz 
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны