09.02.2023, 09:44 24871

Қазақстандықтардың тағы бір тобы Түркиядан оралды

Топ құрамында 42 қазақстандық және 22 Қырғызстан азаматы бар
Қазақстандықтардың тағы бір тобы Түркиядан оралды
Сурет: gov.kz
Астана. 9 ақпан. KAZAKHSTAN TODAY - Түркиядан Қазақстанға 64 адамнан тұратын топ - Қазақстан мен Қырғызстан азаматтары репатриацияланды, деп хабарлайды ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі.

Қазақстанның Түркиядағы Елшілігінің ұйымдастыруымен кері рейспен ИЛ-76 ұшағымен 64 адам - 42 Қазақстан азаматы және 22 Қырғызстан азаматы Астанаға қайтарылды. Елге оралған азаматтар Газиантеп, Мерсин, Кахраманмараш, Диарбакыр, Шанлыурфа және Элязык провинцияларынан келген", - делінген ҚР СІМ хабарламасында.


Кеше, Қазақстан Президентінің тапсырмасы бойынша, Түркиядағы жер сілкінісінен зардап шеккендерге қосымша көмек көрсету үшін құрамында 56 адамнан тұратын ҚР ТЖМ екінші эшелоны Газиантеп провинциясына келді.

16 адамнан тұратын қазақстандықтардың бірінші тобы 8 ақпан күні таңертең отанымызға оралды.

Бұған дейін Түркияда үйінділердің астынан тірі қазақстандық табылғаны хабарланған болатын.

Түркиядағы жер сілкінісі кезінде төрт қазақстандық хабар-ошарсыз кетті. Олардың үшеуі Хатай провинциясында, біреуі - Адана қаласында. Бірақ бұл ретте ресми түрде ҚР азаматтары қаза тапқандар немесе жараланғандар тізімінде жоқ.

Соңғы мәліметтер бойынша, Түркияда жер сілкінісі салдарынан қаза тапқандар саны 12 391-ге дейін өсті.

6 ақпан күні Кахраманмараш-Пазарджик ауданында 7,7 балл қуатымен және Эльбистанда 7,6 балл қуатымен жер сілкінгеннен кейін 648 афтершок болды. Жерасты дүмпуі елдің 10 провинциясында, сондай-ақ көршілес елдерде, соның ішінде Сирияда сезілді. Түркияда жер сілкінісі үш күннен бері жалғасып келеді. Елде жеті күндік жалпыұлттық аза тұту жарияланды және апаттан зардап шеккен он провинцияда үш айға төтенше жағдай енгізілді. Жер сілкінісі Сирияға да әсер етті: Алеппо, Латакия, Хама және Тартус провинциялары. Жергілікті Денсаулық сақтау министрлігінің соңғы мәліметтері бойынша, 1 200-ден астам адам қаза тауып, екі мыңнан астам адам зардап шекті.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны