07.04.2022, 15:17 14296

Елордалық инклюзивті балабақшада тәрбиеленушілерді ұрып-соғып, тепкілеген

Елордалық инклюзивті балабақшада тәрбиеленушілерді ұрып-соғып, тепкілеген
Сурет: Depositphotos
НҰР-СҰЛТАН. 7 СӘУІР - Нұр-Сұлтан қаласының инклюзив балабақшасында балаларды ұрып тәрбиелеген.
 
Жарымжан балаларды ұрып тәрбиелеген. Елордада инклюзив жекеменшік балабақшадағы озбыр әрекет бұрынғы психологтың арқасында әшкере болды. Жұмыстан шығып қалған қызметкер масқара видеоны ата-аналарға жіберген.
 
Онсыз да сынақпен туған балаларына қатыгездік көрсеткен балабақша ұжымын енді ата-аналар сотқа беріп жатыр. Мекеме әзірге жұмысын тоқтатқан жоқ. Дегенмен полиция іс қозғап сотқа дейінгі тергеуді бастады. 
 
Қарауға дәтің бармайтын видеодағы шырылдаған балалар не сөйлей алмайды, не естімейді. Тәрбиешілер балалыққа салған кемтар балдырғандардыұрып-соғып айтқанына көндіріп отырған. 
 
Бейнежазбаны бұрын жұмыс істеген психолог түсіріпті. Өзі жұмыстан шығып кеткен ол ата-аналар чатына балабақшадағы былықты ескерту ретінде жіберген. Жағдайды білуге барған КТК тілшісімен тілдесуден олар үзілді-кесілді бар тартты. 
 
Бірақ балабақша басшылығы таңмен ата-аналарды жинапты. Қатыгез тәрбиешіні жұмыстан қуамыз деп уәде берген. Біраз ата-ана бұған сенгенімен, көпшілігі таяқ ала жүгіретін тәрбиеші ғана емес, жұмысты үйлестіре алмаған бастық та жауап бергенін қалайды. 
 
Балабақша иесі мұндай жағдайдың болғанын білмедім деп ақталып отыр. Енді қайталанбайды, жұмыс істейміз дейді. Қожайын өзін жәбірленуші санайтын сияқты. Балабақша да ары қарай жұмысын жалғастырмақ. Оның үстіне бұл оқиғадан кейін кей аналар баласын сеніп қалдыратын боп шешіп отыр. 
 

Балабақша туралы пікірі өте жақсы еді. Кеше көргенде өзіміз таң қалдық. Біз баламызды мұнда қалдырмаймыз. Осыған дейін мұндағы қызметкерлер өте сыпайы боп көрінетін". 

 
Жандос - видео тарап кеткен соң тіке полицияға тартқан әкенің бірі. Байқоңыр ауданы полиция басқармасына арыз жазыпты. Осыған дейін ұлының денесі көгеріп келгенде мән бермеген. Балалармен ойнап жүріп құлап қалды дегенге бекер сеніппін деп өкініп отыр. 
 

Біз баламызды бұл балабақшадан алып кетуге келдік. Аудиожазбада біздің баламыздың аты аталып, ұрып жатқаны видеода бар. Тәрбиешінің есімі де бар. Мекеме басшына арыз жазып қойдық. Өйткені қолымызда балабақша психологының жіберген аудиосы мен видеосы бар. Олар біле тұра, ешқандай шара қолданбаған", - деді Жандос.

 
Аталған дерек бойынша Байқоңыр ауданы полиция басқармасы сотқа дейінгі тергеуді бастап кетті. Ал білім министрлігі осы шудан кейін балабақшаға мониторинг топ жіберген. Қолданылатын шара да сол тексерістен кейін белгілі болады. 
 

Біріншіден, бұл жеке балабақша. Балабақшаға мемлекеттік тапсырыс орналастырылмаған. Сонымен қатар балабақшаның әкімішілігі өздерінің жұмыс жасау барысынан хабарлама берілмеген. Яғни жалпы біздің тізімде де орналаспаған болып тұр. Қазір ол балабақшада 12-ден астам қызметкер жұмыс істейді екен. 60-тан астам бала бар. Бұл балабақша 2021 жылдың ақпан айынан бастап жұмыс істеген", - деді ҚР БҒМ Білім және ғылым саласында сапаны қамту комитеті төрағасының орынбасары Майра Мелдебекова.

 
Қазір елімізде жарымжан балаларға арналған ірілі-ұсақты 3 мыңға жуық балабақша бар. Онда ерекше білімді қажет ететін 15 мыңнан астам бала тәрбиеленіп жатыр. Өкінішке қарай соңғы кезде мұндай орталықтардағы "таяқтап тәрбиелеу" дерегі жиілеп барады. Ал құзырлы орындар жекеменшік балабақшаларды жөн-жосықсыз тексере алмайды екен.
 
Ақпарат көзі: ktk.kz 
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны