28.10.2022, 16:40 12366

Елжан Біртановқа үкім шығарылды

Елжан Біртановқа үкім шығарылды
Сурет: yvision.kz
Астана. 28 қазан. KAZAKHSTAN TODAY - Астана қаласы Сарыарқа ауданының №2 сотында бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов пен оның орынбасары Олжас Әбішевтің ісіне қатысты сот үкімі шықты.
 
Сот үкімі "Zoom" платформасында онлайн режимде оқылды.
 

Елжан Амантайұлы Біртанов ҚР Қылмыстық кодексі 361-бабының 3-бөлімінде санитариялық авиацияның әуе кемесін пайдалану эпизоды бойынша қылмыстық құқық бұзушылық үшін кінәсіз деп танылсын және оның әрекеттерінде осы қылмыстық құқық бұзушылық құрамы болмағандықтан, ақталсын. ҚР ҚК 361-бабы 3-бөлімі 4-тармағында көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін Елжан Біртанов пен Олжас Әбішев кінәлі деп танылсын және осы бап бойынша Біртановқа бес жыл мерзімге бас бостандығын шектеу түріндегі жаза, Әбішевке 4 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындалсын", - деп үкім оқыды судья Ибрагим Әлкенов.

 
Бұл ретте сотталушыларға пробациялық бақылау белгіленді. Оларға мемлекеттік қызметте, сотта, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, ҚР Ұлттық Банкінде және оның ведомстволарында, Қаржы нарығын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган мен қаржы ұйымдарында, мемлекеттік ұйымдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінде лауазымдарды атқаруға өмір бойына тыйым салынды.
 
ҚР ҚК 44-бабының 2-бөлігі бойынша сотталғандардың жүріс-тұрысын бақылайтын уәкілетті мемлекеттік органға хабарламай, тұрақты тұрғылықты жерін, жұмысын өзгертуге болмайды. Жұмыстан бос уақытында уәкілетті органға хабарламай, тұрғылықты жерінен кетуге, басқа жерлерге баруға тыйым салынған. ҚР ҚК 44-бабының 1-бөлігіне сәйкес, О. Әбішев негізгі жазаны өтеу кезінде жыл сайын 100 сағат мәжбүрлі еңбекке тартылады.

Бұған дейін апелляциялық сот Елжан Біртановтың дел бойынша шешім шығарғаны хабарланған болатын.
 
Еске сала кетсек, бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов 2020 жылдың 3 қарашасында бюджет қаражатын ысырап етті деген күдікпен қамауға алынған болатын.
 
Тергеу материалы бойынша, Елжан Біртанов пен оның орынбасары Олжас Әбішевке "Ericsson Nicola Tesla" компаниясының қызметін қолдану кезінде "лауазымдық өкілетін теріс пайдалану" арқылы мемлекетке 1,5 млрд теңге шығын келтірді деген айып тағылған.
 
Бұған дейін прокурор Бауыржан Шекенов соттағы жарыссөз кезінде денсаулық сақтау министрлігінің бұрынғы басшысы Елжан Біртановты 6 жылға бас бостандығынын айыруды сұраған еді.
 
Ақпарат көзі: inform.kz
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны