15.04.2022, 18:19 19941

Неліктен вайнерлер әлі де бостандықта: Бас прокуратура қаржы пирамидасы туралы сұрақтарға жауап берді

Неліктен вайнерлер әлі де бостандықта: Бас прокуратура қаржы пирамидасы туралы сұрақтарға жауап берді
Сурет: ОКҚ
НҰР-СҰЛТАН. 15 СӘУІР - Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиев Mudarabah Capital қаржы пирамидасына қатысы бар делінген күдікті вайнерлер неге қамауға алынбағанын айтты.
 

Вайнерлер туралы айта өтсем. 169-дан астам жәбірленуші, 2 миллиард теңгеге жуық шығын, қылмыстық жауапкершілікке 14 адам тартылды, оның ішінде танымал вайнерлер мен блогерлер. 6 адам қамауда, вайнер Мейіржан Төребаев кепілде. Бұлтартпау шарасы әр жағдайда жеке таңдалады. Барлық мән-жай - тұрақты тұрғылықты жерінің болуы, кәмелетке толмаған балаларының болуы, оның қылмыс жасаудағы ролі ескеріледі. Осы мән-жайдың бәрін ескере отырып, сот оған қатысты кепілдік түріндегі бұлтартпау шарасын таңдады", - деді Шындалиев ОКҚ-да өткен брифингте.

 
Ол Бас прокуратура, Жоғарғы Сот, сот алқа төрағалары әрбір арызданушыны жеке қабылдағанын, әрбір арыз бойынша құқықтық тетіктерді табуға тырысатынын түсіндірді.
 

Адамның қамауға алынбауы оның қылмыстық жауапкершілікке тартылмайтынын білдірмейді. Қазір іс аяқталды, ол таныстыру сатысында. Бұл қылмысқа қатысы барлардың бәрі және олардың әрекеті сараланған. Іс аяқталғаннан кейін олар прокурорға жіберіледі, ал прокурор бұл істі сотқа жібереді", - деді Шындалиев.

 
Еске салайық, бұған дейін танымал вайнерлер қаржы пирамидасын құрды деген күдікке ілінгені хабарланған болатын.
 
Әңгіме танымал блогерлер Мейіржан Төребаев, Азимжан Саидбаев және Мейірхан Шерниязов туралы. Олар Қылмыстық кодекстің 217-бабы 3-бөлігі 2-тармағы "Қаржылық (инвестициялық) пирамиданы құру және оған басшылық ету" бойынша қылмыс жасады деген күдікке ілінген. Олар бес жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
 
Ақпарат көзі: tengrinews.kz
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны