02.12.2022, 09:34 12211

ҚР Бас прокуратурасы: жеке сот орындаушылары миллиардтан астам теңгені ұрлады

Бұл қаражат өндіріп алушылардың шоттарына аударылуы керек еді
ҚР Бас прокуратурасы: жеке сот орындаушылары миллиардтан астам теңгені ұрлады
Сурет: Depositphotos
Астана. 2 желтоқсан. KAZAKHSTAN TODAY - Прокуратура органдары жеке сот орындаушыларының Республикалық палатасымен бірлесіп жеке сот орындаушыларының (ЖСО) 2021-2022 жылдары борышкерлерден өндіріп алынған ақшалай қаражатты уақтылы және толық аударуына тексеру жүргізді, деп хабарлайды ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметі.

Алматы қаласында, СҚО, Қарағанды, Павлодар, БҚО және Ақмола облыстарында жүргізілген тексерулер ЖСО өндіріп алушылардың шоттарына аударуға жататын 1,1 млрд теңге мөлшерінде ақша ұрлаудың 660 фактісін анықтады", - деп хабарлады Бас прокуратураның баспасөз қызметі.


Мәселен, ведомствоның мәліметінше, елордалық ЖСО алимент бойынша жоқ қарызды әдейі анықтап, сот үкімімен мемлекеттің пайдасына тәркіленуге жататын 289 млн теңгені жеке тұлғаның банктік шотынан шешіп алған. Ол бұл қаражатты Астана қаласы Сот актілерін орындау департаментінің бұрынғы бастығына аударған. Осы қызметі үшін ЖСО 10 млн теңге ұстап қалған.

Сонымен қатар, алматылық ЖСО жыл бойы борышкерлердің қаражаты есебінен өзінің банктік депозитін жалпы сомасы 84 млн теңгеге 18 рет толықтырған. Нәтижесінде ол пайыз түрінде 2 млн теңге табыс тапқан.

Осыған ұқсас ЖСО өз депозитіне 13,6 млн теңге аударып, шамамен 5 млн теңгеге жуық сыйақы алған.

Сондай-ақ, қарағандылық 7 ЖСО борышкерлердің 110 млн теңге көлеміндегі қаражатын жеке қажеттіліктеріне жұмсаған.

Басқа жағдайда, алматылық ЖСО "Жанұя" балалар үйінің тәрбиеленушісі кәмелетке толмаған Болгамбаеваға арналған 400 мың теңгені жеке мақсаттында пайдаланған.

Павлодарда ЖСО 3 жыл бойы 520 мың теңгеге екі баланың алимент қаражатын ұрлап отырған. Кейбір ЖСО-лар өндіріп алушылардың ақшаларын басшылардың шығындарын жабу үшін пайдаланған. Батыс Қазақстан облысында ЖСО өңірлік палатаның басшысына және оның орынбасарына 1 млн теңге аударған. Олардың басқа әріптестері әйелдері мен туыстарына 4,7 млн теңге бөлген", - деп хабарлады Бас прокуратурада.


Ақша қаражатын ұрлау мен ысырап етудің анықталған фактілері бойынша сотқа дейінгі 16 тергеу басталды.

Сондай-ақ, қадағалау актісі бойынша 7 ЖСО лицензиясы алып қойылды, 2 лицензия тоқтатылды, 55 адам тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны