07.11.2022, 13:00 15401

Риддердегі ТЖ: ЖЭО апатына байланысты 22 мыңнан астам абонент жылусыз қалды

Риддердегі ТЖ: ЖЭО апатына байланысты 22 мыңнан астам абонент жылусыз қалды
Сурет: Depositphotos
Риддер. 7 қараша. KAZAKHSTAN TODAY - Риддерде "Риддер-ЖЭО" АҚ-да орын алған төтенше жағдай бойынша шұғыл түрде штаб құрылды. Қаланың 22 мыңнан астам абоненті үшін жылу беру азайтылды. Оқушыларды қашықтықтан оқытуға ауыстырды, балабақшалар жұмысын тоқтатты, деп хабарлайды Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.
 

5 қараша күні сағат 20.00-де күл шығару жүйесіндегі жылу станциясында сорғы істен шығып, № 1 қазандық агрегатының қосалқы жабдығы апатты жағдайда ажыратылды. Нәтижесінде салқындатқыштың температурасы +39 °С дейін төмендеді (қалыпты температура мөлшері +70 °С). Қазіргі уақытта Риддер қаласының 22 мыңнан астам абоненті үшін жылу беру азайтылды", - деді Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов.

 
Ол шұғыл түрде оның басшылығымен апатты жою жөніндегі штаб құрылғанын атап өтті. Штаб тәулік бойы жұмыс істейді.
 

Сондай-ақ, жылу станциясына Согра және Өскемен ЖЭО, "Өскемен жылу желілері" АҚ мамандары келді. Қазіргі уақытта күл шығару жүйесінде қозғалтқышты ауыстыру, іске қосу-реттеу жұмыстары жүргізілуде. ЖЭО-ға қосымша 120 тонна мазут жеткізілді, отынды жөнелту жалғасуда. Апатты жағдайды жою үшін "Қазмырыш" ЖШС ЖЭО-ға 20-дан астам қызметкер жіберіп, жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарына қосымша жабдықтар бөлді", - деді өңір басшысы.

 
Оның айтуынша, сондай-ақ, Өскеменнен көмек ретінде "Востоквзрывпром"ЖШС-нің 20 қызметкері келді. Сонымен қатар, қаланың энергожүйесінің үздіксіз жұмыс істеуі үшін "Біріккен ЭнергоСервистік Компаниясы" АҚ Риддерге 12 авариялық бригада жіберді.
 
Риддер қаласының білім бөлімі басшысының м.а. бұйрығымен 7-11 қарашадан бастап мектеп оқушылары қашықтықтан оқыту формасына көшеді. Сондай-ақ, осы уақытқа дейін қаланың мектепке дейінгі мекемелері жұмысын тоқтатады.
 

"Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың сыныптамасын белгілеу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 2 шілдедегі № 756 қаулысына сәйкес бұл авариялық жағдай жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай ретінде жіктеледі. Жағдай ерекше бақылауда. Риддер қаласын жылумен жабдықтауды қалпына келтіру бойынша барлық қажетті шаралар қабылдануда", - деп қорытындылады әкім.

 
Естеріңізге сала кетейік, қазан айында Риддер тұрғындары ЖЭО қазандықтарының тоқтауына байланысты жылусыз қалды.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны