08.06.2021, 21:23 19560

Түркістан облысының тауларынан іздеудің 15-ші күні: жоғалған туристердің заттары табылды

Қазіргі уақытта жоғалған екі туристті іздеу жұмыстары жалғастырылуда.

ТҮРКІСТАН. 8 МАУСЫМ - Бүгін, 8 маусым күні, сағат 13:10-да Түркістан облысы Төле би ауданының Айғыржыққан және Өгем өзендерінің қосылған тұсынан 500 метр қашықтықта жоғалған туристердің заттары (жемпір, аяқ қиім, ұйықтауға арналған қап) табылды, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

ТЖМ құтқарушылары оларды полиция қызметкерлеріне табыстады. Туристердің бірінің анасы табылған заттардың арасынан өз баласының киімін таныды. Бұл туралы ҚР ТЖМ ресми өкілі Талғат Уәли хабарлады.

Қазіргі уақытта жоғалған екі туристті іздеу жұмыстары жалғастырылуда. Аймақта "Қазавиақұтқару" АҚ тікұшағымен аэровизуалды барлау жұмыстары жүргізілуде. Іздестіру жұмыстары 15 тәулік бойы жалғасуда. Оған Түркістан облысы ТЖ, Полиция департаменттерінен, ҰҚК Шекара қызметінен, Орман шаруашылығынан, Өзбекстан Республикасы ТЖМ жеке құрамынан 137 қызметкер, 17 бірлік техника, 1 тікұшақ және жоғалған туристердің туыстары жұмылдырылды. Іздеу жұмыстары тоғыз бағытта жүргізілуде.

Естеріңізге сала кетейік, Төле би ауданы Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында жеті адамның жоғалғаны туралы хабарлама 25 мамырда келіп түскен болатын. 21 мамырда туристер жаяу тәртіппен Сары-Айғыр шатқалына бет алды және 24 мамырда оралуы керек еді. 28 мамырда Қазавиақұтқару тікұшағымен әуе арқылы ұшу барысында құтқарушылар жоғалған жеті туристің үшеуін тапты. Олар сәтті эвакуацияланды, жастардың жағдайы қанағаттанарлық. Туристердің айтуынша, олар екі топқа бөлінген.

Келесі күні, 29 мамырда экспедицияның тағы екі мүшесінің денелері табылды. Кейін шекара аумағында жоғалған туристерді іздеуге Өзбекстан ТЖМ қызметкерлері қосылды.

1 маусымда Түркістан облысының тауларындағы Өгем өзенінен құтқарушылар жоғалған туристердің бірінің сөмкесін тапты.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны