19.02.2025, 21:09 1306
Мемлекет басшысы Король II Абдалланы "Алтын Қыран" орденімен марапаттады
Сурет: Akorda
Достарға айту
Қасым-Жомарт Тоқаев Иордания Королі II Абдалла бен әл-Хусейнге Қазақстан Республикасының ең жоғары мемлекеттік наградасы - "Алтын Қыран" орденін табыстады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметінен.
Президент марапаттау рәсімінде сөйлеген сөзінде Қазақстан мен Иордан Хашимит Корольдігінің арасында берік серіктестік қатынастар орнағанын, Король ІІ Абдалланың қазақ-иордан байланыстарын нығайтуға елеулі үлес қосқанын атап өтті.
- Ұлы Мәртебелі Королдің айнымас ниетінің арқасында біз экономика мен инвестициялық ықпалдастықтан бастап мәдени және білім салаларына дейін өзара мүддемізге сай келетін ынтымақтастығымызды нығайттық. Аса көрнекті мемлекет қайраткері, бейбітшіліктің қорғаны әрі даналықтың үлгісі ретінде Сіздің ісіңіз әлемдегі көп адамға жігер береді. Қазақстан халқы Сізді ерекше құрметтейді. Иорданияның тек серіктес қана емес, нағыз достас ел екенін мақтан тұтамыз. Ұлы Мәртебелі Королдің байыпты басшылығымен Иордания өңірдегі тұрақтылықты, дінаралық диалогты және гуманитарлық қызметті ілгерілетуде шешуші рөл атқарып отыр. Бұл құндылықтар Қазақстанның бейбітшілікті, толеранттылық пен дипломатияны жақтайтын ұстанымына сай келеді. Сіздің зор күш-жігеріңіз бен ұдайы қолдауыңыздың арқасында біз өзара ынтымақтастығымыздың келешегіне зор үмітпен қараймыз, - деді Мемлекет басшысы.
Король II Абдалла бен әл-Хусейн Қазақстанның ең жоғары мемлекеттік марапатына лайық көргені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа және бауырлас қазақ халқына ризашылығын білдірді.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
тақырып бойынша жаңалықтар
22.02.2025, 19:17 906
Президент Сауд Арабиясы Корольдігіне құттықтау жеделхаттарын жолдады
Достарға айту
Қасым-Жомарт Тоқаев Қос киенің сақшысы, Сауд Арабиясының Королі Салман бен Әбделазиз Әл Саудты және осы елдің Тақ мұрагері, Премьер-министрі ханзада Мұхаммед бен Салманды Корольдіктің негізі қаланған күнмен құттықтады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметінен.
Мемлекет басшысы жеделхаттарда халықаралық қауымдастық Сауд Арабиясын экономикасы қарқынды дамыған, іргесі берік, беделді мемлекет ретінде танитынын жазған. Сондай-ақ Корольдік Қазақстанның ислам және араб әлеміндегі сенімді әрі маңызды серіктестерінің бірі екенін атап өткен.
Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел арасындағы мазмұнды саяси диалогқа негізделген ынтымақтастық алдағы уақытта да сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстардың қарқынды дамуына серпін беретініне сенім білдірді.
Қазақстан Президенті Сауд Арабиясының Королі мен Тақ мұрагерінің жауапты қызметтеріне толағай табыс, халқына құт-береке тіледі.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
19.02.2025, 22:11 1126
Мемлекет басшысы Иордания музейіне барды
Достарға айту
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Амманға ресми сапары аясында Иордания музейін аралап көрді. Мемлекет басшысын аталған нысанда ханзада Әли бен әл-Хусейн, Иордания музейі Қамқоршылар кеңесі төрағасының орынбасары, ханшайым Сумайя бинт Хасан мен музей директоры Ихаб Амарин қарсы алды, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметінен.
Қасым-Жомарт Тоқаев көрме залдарын аралап көріп, музей қорында сақталып тұрған сирек жәдігерлермен және экспонаттармен танысты. Сондай-ақ Мемлекет басшысына Иордан Хашимит Корольдігіндегі ең үлкен музейдің құрылу тарихы жөнінде мәлімет берілді.
Музейдегі ерекше көрменің бірі - Кумран қолжазбалары. Онда тарихи құндылығы зор мыс қолжазбалардың фрагменттерімен танысуға болады.
Иордания музейі тұрақты экспозициядан бөлек, ұлттық тарих пен мәдениетті дәріптеу үшін уақытша көрмелер, дәрістер, семинарлар мен мәдени іс-шаралар ұйымдастырады.
Президент нысанды аралап көрген соң Құрметті қонақтар кітабына естелік жазба қалдырды.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
19.02.2025, 20:08 1656
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Иордан Хашимит Корольдігінің Королі II Абдалла бен әл-Хусейн Бірлескен мәлімдеме қабылдады
Достарға айту
Мемлекет басшысы Бірлескен мәлімдемеде Корольді таққа отырғанына 25 жыл толуымен құттықтады. Бұл мерейлі дата былтыр тойланған болатын. Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлы Мәртебелінің парасатты басшылығымен саяси, әлеуметтік-экономикалық, әкімшілік және басқа да салаларды қамтитын ауқымды реформалар жүзеге асырылғанын атап өтті, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметінен.
Король II Абдалла бен әл-Хусейн Қасым-Жомарт Тоқаевтың халықаралық бастамаларына, Қазақстанда экономиканы жаңғырту, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру, заң үстемдігін қамтамасыз ету және әлеуметтік әділдікті нығайту бағытында жүргізіп жатқан реформаларын қолдайтынын жеткізді.
Мемлекеттер басшылары ортақ құндылықтар мен мүдделерге негізделген екіжақты байланыстарды одан әрі нығайтудың маңызын, барлық деңгейдегі жан-жақты диалогты алдағы уақытта да жандандыруға ұмтылыстарын растады.
Бірлескен мәлімдемеде энергетика, ауыл шаруашылығы, инфрақұрылым, ақпараттық технологиялар, өңдеу өнеркәсібі және фармацевтика сияқты салаларда өзара тиімді сауда-экономикалық ынтымақтастықты тереңдету қажет екені айтылған. Сауда-экономикалық байланыстарды арттыру және түрлі секторларда бірлескен жобаларды жүзеге асыру үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында жаңа мүмкіндіктерді зерделеуге уағдаластық жасалды.
Тараптар атом саласындағы ынтымақтастықтың аясын кеңейтуге дайын екенін растады.
Екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуға ықпал ететін көлік және логистика бағыттарын, соның ішінде Транскаспий халықаралық көлік дәлізін дамытудың маңызына назар аударылды. Аталған салалардағы әртүрлі жобаларды іске асыру перспективаларын зерделеуге ниет танытып, туризм саласын дамыту мен іскерлік байланыстарды жандандыру үшін екі ел арасында тікелей әуе қатынасын ашу мүмкіндігін қарастыруға қос тарап та мүдделі екенін білдірді.
Мемлекеттер басшылары білім беру саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге, соның ішінде студенттер мен оқытушылар алмасуға, бірлескен білім беру бағдарламалары мен ғылыми зерттеулерді әзірлеуге келісті. Олар сондай-ақ халықтар арасындағы достық байланыстарды нығайтуға ықпал ететін көрмелер мен мәдени күндер секілді бірлескен іс-шаралар ұйымдастыру арқылы мәдени байланыстарды тереңдетуге ниетті екенін айтты.
Тараптар биыл Астана мен Амман қалалары бауырластығының 20 жылдығы аясында фестивальдер, көрмелер және орнықты даму мен технологиялар саласында тәжірибе алмасу секілді бірлескен мәдени және іскерлік шаралар өткізуге дайын екенін жеткізді.
Мемлекеттер басшылары екіжақты қатынастарға тың серпін беріп, мүлдем жаңа деңгейге шығаруға ықпал ететін келіссөздердің нәтижесіне көңіл толатынын атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен II Абдалла бен әл-Хусейн екі ел үкіметтеріне Сауда-экономикалық, мәдени және гуманитарлық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Иордания үкіметаралық комиссиясының отырыстарын тұрақты түрде өткізуді, сондай-ақ сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың перспективалы бағыттарын анықтау үшін Іскерлік кеңестің қызметін жандандыруды тапсырды.
Бұдан бөлек, тараптар халықаралық және өңірлік мәселелер, соның ішінде Таяу Шығыстағы жағдай жөнінде пікір алмасты.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
19.02.2025, 19:06 1656
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Иордания Королі II Абдалла бен әл-Хусейнмен келіссөз жүргізді
Сурет: Akorda
Достарға айту
Әл-Хусейния сарайында Иордан Хашимит Корольдігіне ресми сапармен келген Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты салтанатты қарсы алу рәсімі өтті, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметінен.
Мемлекет басшысын Король II Абдалла бен әл-Хусейн мен Тақ мұрагері Әл-Хусейн күтіп алды.
Мәртебелі мейманның құрметіне сарай алдындағы алаңда Құрмет қарауылы сап түзеп тұрды. Әскери оркестр Қазақстан мен Иорданияның мемлекеттік әнұрандарын орындады. Құрмет қарауылы ротасы бастығының рапортынан кейін мемлекеттер басшылары келіссөз залына барды.
Президент, ең алдымен, Король II Абдалланың билік басына келгеніне ширек ғасыр толуымен құттықтап, оның Иордания халқының өсіп-өркендеуіне және елдің орнықты дамуын қамтамасыз ету мен халықаралық аренадағы абырой-беделін арттыруға бағытталған жасампаз бастамаларының сәтті жүзеге асырылуына тілектестік білдірді.
Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға үлес қосып келе жатқаны үшін Иордания көшбасшысына алғыс айтты.
Президенттің пікірінше, Иордания - бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтауға бейіл ел ретінде халықаралық қоғамдастық тарапынан мойындалған мемлекет.
- Бұл сапарымның мақсаты - біздің қарым-қатынастарымызға, достығымыз бен сауда-экономикалық байланыстарымызға тың серпін беру. Әлемде орын алып жатқан үдерістерге қатысты көзқарасымыз бен оған беретін бағамыз ортақ деп санаймын. Сонымен қатар біз саяси деңгейдегі ынтымақтастығымызды тереңдете түсуге ниеттіміз. Біздің айқын жоспарымыз бар. Таяу болашақта нақты уағдаластықтарға қол жеткізіп, оның оң нәтижелерін көретінімізге сенімдімін. Біз өзара ықпалдастығымыздың аясында аянбай жұмыс істеуге дайынбыз. Иорданияны достас мемлекет деп санаймыз. Екі елді байланыстыратын дүние көп, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының айтуынша, бүгін қабылданатын Бірлескен мәлімдеме мен келісімдер Қазақстан-Иордания ынтымақтастығын екіжақты және көпжақты күн тәртібінің барлық бағыты бойынша арттыруға қос тарап та мүдделі екенін білдіреді.
Өз кезегінде Иордания Королі II Абдалла Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сапары екі ел арасындағы саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық байланыстарды одан әрі кеңейтуге мол мүмкіндік беретінін атап өтті.
- Өзіңізді және Сіздің құрметті делегацияңызды Иорданияда қарсы алғаныма қуаныштымын. Бүгін экономикалық байланыстарды жандандыруға және жеке сектор үшін мол мүмкіндіктер ашылады. Бұл өте маңызды, - деді Иордания Королі.
Келіссөз барысында тараптар сауда, инвестиция, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, көлік-логистика, туризм, энергетика, цифрландыру және фармацевтика секілді негізгі секторлардағы өзара тиімді ынтымақтастықтың перспективасын егжей-тегжейлі талқылады.
Екі елдің мәдени-гуманитарлық ықпалдастығын кеңейту мәселелеріне айрықша мән берілді. Қазіргі кезде Қазақстанның медициналық оқу орындарында Иорданияның 300-ге жуық азаматы білім алып жатыр.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы мен Иордания Королі халықаралық және өңірлік қауіпсіздіктің өзекті мәселелері жөнінде пікір алмасты.
Кездесу соңында Президент Иордания Королін Қазақстанға сапармен келуге шақырды.
Келіссөздер аяқталғаннан кейін Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Иордан Хашимит Корольдігінің Королі II Абдалла бен әл-Хусейн Бірлескен мәлімдеме қабылдады.
Сондай-ақ мемлекеттер басшыларының қатысуымен ресми делегациялар мүшелері төмендегідей құжаттарға қол қойды:
1. Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Иордан Хашимит Корольдігі Үкіметі арасындағы өнеркәсіптік ынтымақтастық мәселелері бойынша өзара түсіністік туралы меморандум;
2. Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі мен Иордан Хашимит Корольдігі Атом энергетикасы жөніндегі комиссиясы арасындағы атом қуатын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы ынтымақтастық мәселелері бойынша өзара түсіністік туралы меморандум;
3. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі мен Иордан Хашимит Корольдігі Өнеркәсіп, сауда және жабдықтау министрлігі арасындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандум;
4. "Самұрық-Қазына" ұлттық компаниясы" АҚ мен Иордан Хашимит Корольдігі Инвестициялар министрлiгi арасындағы ынтымақтастық туралы келiсiм;
5. Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасы "Қазақстан Республикасы Президентiнiң телерадиокешенi" шаруашылық жүргізу құқындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорыны мен Иордания радио және телевизия корпорациясы (Jordan Radio and Television Corporation) арасындағы өзара түсiнiстiк пен ынтымақтастық туралы меморандум.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысының Иорданияға ресми сапары аясында ведомствоаралық және коммерциялық 10 құжатқа қол қойылды.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
12.02.2025, 15:16 28546
Тоқаев пен Шойгу Қазақстан мен Ресейдің қауіпсіздік саласындағы өзара іс қимылын талқылады
Достарға айту
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейдің Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Сергей Шойгуды қабылдады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметінен.
Кездесуде Қазақстан мен Ресейдің түрлі бағыттағы екіжақты серіктестігі және өңірлік қауіпсіздік бойынша ынтымақтастық мәселелері талқыланды.
Сіздің сапарыңыз екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайту тұрғысынан аса маңызды деп санаймын. Қарым-қатынасымыз қарқынды дамып келеді. Бұл ретте Ресей Федерациясы Президентінің былтыр қараша айында Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапары айрықша мәнге ие. Елдеріміздің экономикалық байланыстары табысты ілгерілеп келе жатыр. 171 жоба бойынша уағдаластыққа қол жеткіздік. Оның ішінде 50-ден астам жоба жүзеге асырудың соңғы кезеңіне жетті. Бүгінде Ресей Қазақстан экономикасының негізгі инвесторларының біріне айналды. Мемлекеттеріміздің құқық қорғау органдары, әскери ведомстволарының арасындағы байланыс та ойдағыдай өркендейді деп санаймын. Менің ойымша, Сіздің сапарыңыз екіжақты ықпалдастығымызға шолу жасап, өзара іс-қимылдың жаңа бағыттары бойынша келісімге келуге оңтайлы мүмкіндік береді", - деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Президенті Владимир Путинге сәлем жолдады.
Ресей Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы кездесуге және өңірлік қауіпсіздікке қатысты өзекті мәселелерді талқылауға мүмкіндік жасағаны үшін Қазақстан Президентіне алғыс айтты.
Бауырлас халықтарымыздың, елдеріміздің арасында қалыптасқан қарым-қатынасқа үнемі жоғары деңгейде қолдау көрсетіледі. Тауар айналымы мен бірлескен жобалардың ауқымы қомақты. Әрине, біздің байланыстарымыз тек екіжақты қарым-қатынаспен шектелмейді. Біз Шанхай ынтымақтастық ұйымы, ҰҚШҰ, ТМД және ЕАЭО аясында белсенді жұмыс атқарып келеміз. Қазақстанның бастамасымен қолға алынған жобалар табысты әрі белсенді іске асырылып жатыр", - деді Сергей Шойгу.
Кездесуде екі елдің қауіпсіздік саласындағы ықпалдастығының тиімділігін арттыру мәселесі қарастырылды.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
12.02.2025, 15:14 28781
Тәжікстан СІМ басшысы Қазақстанға ресми сапармен келді
Достарға айту
Тәжікстан Республикасының Сыртқы істер министрі Сироджиддин Мухриддин Қазақстанға ресми сапармен келді, деп хабарлайды ҚР СІІ баспасөз қызметінен.
Сапар аясында Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары - Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеумен шағын және кеңейтілген құрамда келіссөздер өткізу жоспарлануда. Тараптар екіжақты қазақ-тәжік ынтымақтастығының кең ауқымды өзекті мәселелерін талқылайды.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
06.02.2025, 17:29 35516
Грузия Қазақстанның Кавказ аймағындағы сенімді серіктесі - Тоқаев
Достарға айту
Мемлекет басшысы Грузия Премьер-министрі Ираклий Кобахидземен келіссөз жүргізді, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметінен.
Қасым-Жомарт Тоқаев Ираклий Кобахидзеге ілтипат білдіріп, оны Грузия Премьер-министрі лауазымына қайта тағайындалуымен құттықтады және грузин халқының өркендеуі жолындағы жауапты қызметіне сәттілік тіледі.
Президент соңғы жылдары Грузияның қарышты дамып, жүргізіліп жатқан реформалардың нәтижесінде экономикалық өсімнің 9,4 пайызды құрағанын атап өтті.
Мемлекет басшысы қазақ-грузин қарым-қатынастарының қарқынын жоғары бағалады. Президенттің айтуынша, Грузия Қазақстанның Кавказ аймағындағы сенімді серіктесі және екі елді өзара достық пен тығыз тарихи тамырластық байланыстырады.
Қазақстан мен Грузия түрлі деңгейде, атап айтқанда, парламенттер, үкіметтік және мемлекеттік органдар арасында тиімді ынтымақтастық орнатқан", - деді Мемлекет басшысы.
Грузия Премьер-министрі қонақжайлық көрсеткені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа ризашылығын білдіріп, қызметке кіріскеннен кейінгі алғашқы шетелдік сапарларының бірін Қазақстанға арнағанын жеткізді.
Ираклий Кобахидзенің айтуынша, Грузия Қазақстанмен көпжоспарлы ықпалдастықты нығайтуға баса мән береді.
Біз үшін саяси және экономикалық ынтымақтастықты арттыру аса маңызды. Түрлі форматта, оның ішінде көпжақты алаңдарда Қазақстанның мүддесін белсенді қорғауға дайынбыз", - деді ол.
Премьер-министр Қазақстан Президентін Грузияға сапармен келуге шақырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ираклий Кобахидзе Транскаспий халықаралық көлік бағдары бойынша өтетін жүк тасымалы көлемін арттыруға және транзит дәлізінің инфрақұрылымын жаңғыртуға ерекше назар аударды.
Кездесуде сауда, энергетика, инвестиция, туризм, жасанды интеллект және цифрландыру секілді көптеген бағыттағы екіжақты байланыстарды кеңейту перспективасы қарастырылды. Сондай-ақ халықаралық күн тәртібі мен өңірлік қауіпсіздіктің өзекті мәселелері талқыланды.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
30.01.2025, 15:59 41611
Мемлекет басшысы Ресей Президентінің Мәскеудегі Жеңістің 80 жылдығына арналған мерекелік іс-шараға шақыруын қабылдады
Достарға айту
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Федерациясы Үкіметінің төрағасы Михаил Мишустинмен кездесті, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметінен.
Мемлекет басшысы "Ақорда" резиденциясында Еуразиялық үкіметаралық кеңеске және Digital Almaty 2025 цифрлық форумына қатысу үшін Қазақстанға келген Ресейдің Премьер-министрі Михаил Мишустинмен кездесу өткізді.
Кездесуде екі елдің стратегиялық серіктестігін дамыту перспективасы талқыланып, сауда-экономикалық, инвестициялық ынтымақтастықты, соның ішінде Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы қарым-қатынасты жандандыруға баса назар аударылды.
Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел арасындағы достық пен тату көршілікті нығайтуға Михаил Мишустиннің қосқан үлесін жоғары бағалады. Сонымен қатар Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путиннің былтыр 27 қарашада Астанаға жасаған мемлекеттік сапары кезінде қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асырудың өзекті екенін атап өтті.
Елдеріміздің арасындағы байланыс беки түсті. Бұл мемлекетаралық ынтымақтастықтың барлық саласын қамтиды. Сіздің Астанаға жасаған сапарыңызды жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асырудың маңызды кезеңі ретінде қарастырамыз. Владимир Путиннің Қазақстанға жасаған сапары барысында Уфада өңіраралық форум табысты өтті. Биыл біз кезекті форумды Қазақстан аумағында, яғни Орал қаласында ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Ынтымақтастықтың осы форматы нәтижелі болады деп ойлаймын", - деді Президент.
Михаил Мишустин мемлекеттер басшылары алға қойған міндеттерді нақты іске асыруға дайын екенін мәлімдеді.
Орайлы сәтті пайдалана отырып, Ресей Президенті Владимир Путиннің ыстық ықыласын жеткізгім келеді. Владимир Владимирович былтыр қараша айында Қазақстанға тарихи мемлекеттік сапар жасады деуге болады. Қасым-Жомарт Кемелұлы, Сіз де желтоқсан айында Ресейдің Санкт-Петербург қаласына келдіңіз. Біз үшін өңіраралық форумның берері мол. Ресейдің аймақтары Қазақстанның көптеген облысымен тікелей байланыс орнатқан. Өзіңіз атап өткендей, бұл форматтың маңызы зор, оның тиімділігін арттыруға барынша қолдау көрсетеміз. Қазақстан - Ресей Федерациясының көршісі әрі одақтасы. Біздің қарым-қатынасымыз достық пен өзара құрметке негізделген", - деді Ресей Үкіметінің төрағасы.
Михаил Мишустин Қасым-Жомарт Тоқаевқа екі елдің үкіметтік делегациялары арасында жүргізілген келіссөздердің нәтижесі туралы ақпарат беріп, күн тәртібінің барлық спектрі бойынша қол жеткізілген уағдаластықтардың өзара тиімді ықпалдастықты одан әрі нығайтуға қызмет ететініне тоқталды.
Кездесуде энергетика, өнеркәсіп, көлік инфрақұрылымы, ауыл шаруашылығы және басқа да салалардағы бірлескен жобаларды жүзеге асыруға баса назар аударылды. Сонымен қатар ғылыми-техникалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың өзекті мәселелері талқыланды.
Мемлекет басшысы Ресей Президентінің Мәскеудегі Жеңістің 80 жылдығына арналған мерекелік іс-шараға шақыруын қабыл алғанын айтты.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
ИНТЕРНЕТ ТЕЛЕВИДЕНИЕ
KAZAKHSTAN TODAY LIVE
Ең көп оқылғаны
24.02.2025, 11:13Ұлттық қордан бөлінген қаражаттың жұмсалуын мониторингтеу жөніндегі комиссия жұмысын қайта бастады 24.02.2025, 10:45 646Жұмыртқа бағасын тұрақтандыру бойынша меморандум жасалды24.02.2025, 09:43 611"Трамадолды" рецептсіз сату қылмыстық жауапкершілікке әкеледі
17.02.2025, 14:04 165916Су ресурстары және ирригация министрлігі қоршаған ортаны қорғауға 2,5 млрд текше метр су жібереді17.02.2025, 14:14 165156Бас прокурор президентке қадағалау органдарының басым бағыттары бойынша атқарған жұмыс қорытындылары туралы баяндалды17.02.2025, 14:53 165111Алматыда полиция қызметкерлері азаптағаны үшін сотталды17.02.2025, 15:01 164941Мемлекет басшысы Литва Президентіне құттықтау жеделхатын жолдады17.02.2025, 18:18 161531ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов алғашқы жиналыс өткізді
13.02.2025, 08:03 266746ШҚО бойынша "Қазсушар" филиалы тасқын суын апатсыз өткізуге дайындық бойынша іс-шаралар жоспарын бекітті13.02.2025, 07:57 257851Полиция алаяқтық қоңыраулардың алдын алды: 24 мыңнан астам sim-карта тәркіленді12.02.2025, 14:56 204461Алматыда 2040 жылға дейін жылумен жабдықтауды дамыту жоспары әзірленді17.02.2025, 14:04 165916Су ресурстары және ирригация министрлігі қоршаған ортаны қорғауға 2,5 млрд текше метр су жібереді17.02.2025, 14:14 165156Бас прокурор президентке қадағалау органдарының басым бағыттары бойынша атқарған жұмыс қорытындылары туралы баяндалды