21.09.2021, 21:00 146089

Қазақстан дербес телефон кодына көшеді - Мусин

НҰР-СҰЛТАН. 21 ҚЫРКҮЙЕК - ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі дербес ұлттық халықаралық телефон кодына қол жеткізді, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 

Халықаралық электр байланысы одағының (ХЭБО) Электр байланысын стандарттау бюросы Қазақстанға Ресей Федерациясына бекітілген +7 телефон кодының орнына жеке-дара + 997 кодын белгіледі", - деп хабарлады ведомствода.

 
Қазіргі таңда операторлармен бірге ҚР байланыс желілерінде жаңа халықаралық кодқа өту жоспары жасалды.
 

Қазақстан өзінің ұлттық телефон кодына көшеді. ЦДИАӨМ Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында Халықаралық электр байланыс одағында +997 кодын резервке қойды. Қазақстан осы кезге дейін +7 кодын Ресеймен бірге тең дәрежеде қолданып келсе, енді біздің елден сыртқа қоңырау шалғанда, шетелдіктердің телефонында Қазақстан деп шығады. Толықтай дербес телефон кодына өту арқылы біз цифрландыру саласындағы өзгерістерге орай нөмірлеудің ұлттық ресурсын өзіміз үлестіріп, сондай-ақ абоненттер мен қызметтер бойынша ұлттық жүйені кеңейту мүмкіндігіне ие боламыз", - деді ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин. 

 
ХЭБО регламентіне сәйкес, Ресей Федерациясының байланыс әкімшілігімен Қазақстанның +7 нөмірлеу аймағынан шығу мәселесі пысықталады. Осы процедура мәресіне жеткен соң біздің ел +997 кодын қолданысқа енгізе бастайды.
 
ЦДИАӨМ жоспары бойынша Қазақстан жаңа ұлттық кодқа 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап ауысады. Десек те, қолданушыларға ыңғайлы болу үшін жаңа және ескі код екі жыл бойы бірдей қолданыста болады. Жаңа телефон кодына толығымен 2025 жылы көшу көзделіп отыр.
 
Айта кету керек, КСРО құлағаннан кейін +7 коды екі елге – Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясына ортақ код ретінде бекітілген болатын.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны