13.09.2024, 13:10 40506

Түркістан облысында білім беру сапасын арттыру мәселелері қадағалануда

Түркістан облысында білім беру сапасын арттыру мәселелері қадағалануда
ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова Түркістан облысына жұмыс сапарымен барып, білім беру сапасын арттыру мәселелері бойынша кеңес өткізді, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметінен.

Вице-премьер Түркістан қаласындағы "Жаңа қала" шағын ауданында "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы шеңберінде салынып жатқан жаңа оқу орнының құрылысымен танысты. Мұнда тұрғын үй құрылысының белсенді жүруі мектептерге жүктемені арттыруда. Сол себепті де ұлттық жоба аясындағы мектептердің бірін осында салу туралы шешім қабылданды. Жаңа білім ошағының құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. 2 мың орындық нысан қазан айында пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Қазір өңірде бес мектеп үш ауысымда жұмыс істеп тұр. Бұл мәселе ұлттық жоба аясында жаңа мектептер салу арқылы шешілмек.

Балалардың алаңсыз білім алуына барлық жағдай жасалуы керек. Мұғалімдерге, олардың біліктілігіне ерекше назар аударған жөн. Балаларымыздың заманауи жабдықталған мектептерде білім алуы үшін осы ұлттық жоба басталды", - деді Тамара Дүйсенова.


Сонымен қатар вице-премьер №28 мектепке де барып, білім беру саласындағы цифрлық шешімдермен танысты. "Алақан" жүйесі оқушыларға биометриялық бақылау арқылы ғимаратқа кіруге, асхана мен кітапхананы пайдалануға мүмкіндік береді. Тамара Дүйсенова балалардың жеке деректерінің қорғалуы қажеттігіне ерекше назар аударды.

Облыста мектеп оқушыларын тегін тамақтандыруды қамтамасыз ету үшін "Әлеуметтік әмиян" механизмін енгізу бойынша белсенді жұмыстар жүргізілуде. Вице-премьер бұл шара ата-аналарға тиісті үрдісті онлайн режимде бақылауға мүмкіндік беретінін, ал бюджет қаржысы нақты көрсетілген қызмет үшін төленіп, мақсатты жұмсалуын қамтамасыз ететінін атап өтті.

ҚР Премьер-Министрінің орынбасарына мектепке дейінгі білім беруді ваучерлік қаржыландыру жобасы таныстырылды. Бұл жағдайда ата-аналар балаларын балабақшаға емес, жергілікті бюджеттен бөлінген ваучерлерге кезекке қояды.

Бұдан бөлек, вице-премьердің төрағалығымен өңірдегі мектептер мен колледждер басшыларының қатысуымен білім сапасын арттыру мәселелері бойынша кеңес өтті. Өңірде Президенттің тапсырмаларын орындау шеңберінде мектептермен кешенді жұмыс жүргізілуде. Халықаралық және ішкі зерттеулер нәтижелері бойынша білім беру нысандары 3 санатқа бөлінді. Әр санат үшін KPI анықталды.

Айта кетейік, Түркістан облысында 280-ден астам мектеп "Нысаналы мектептер" ретінде белгіленген. Бұл мектептердің мұғалімдерін үш деңгейлі оқыту қарастырылған. Олар министрлік жанындағы институттардан әдістемелік көмек алады.

Сондай-ақ кеңесте техникалық және кәсіптік білім беру саласын трансформациялау бойынша қабылданатын шаралар туралы айтылды. Атап айтқанда, жан басына қаржыландыру нормативі қайта қаралып, базалық және ынталандырушы бөлікке бөлінеді. Халықаралық стандарттарды енгізген және түлектерін жоғары жалақы төленетін жұмыс орындарына жұмысқа орналастырған колледждер жоғары қаржылай қолдау ала алады.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны