31.08.2021, 19:12 6170

Мамин Нұр-Сұлтанда жаңа форматтағы екі мектептің ашылуына қатысты

BINOM School – қазақстандық жалпы білім беру үдерісіне озық әдістемелерді енгізетін жаңа бренд.
НҰР-СҰЛТАН. 31 ТАМЫЗ - ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Нұр-Сұлтан қаласында BINOM және Quantum STEM School инновациялық мектептерінің ашылуына қатысты, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 

BINOM School – қазақстандық жалпы білім беру үдерісіне озық әдістемелерді енгізетін жаңа бренд. 2021-2022 жылдары елордада осы форматтағы 6 мектеп ашылады. Әрбір оқу орны екі ауысымда 4 мың оқушыға шақталған. Оқыту отандық модель мен Финляндия, Ұлыбритания және Оңтүстік Кореяның алдыңғы қатарлы халықаралық жүйелері негізінде ұйымдастырылған. Жобаны BI Group холдингі Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігімен бірлесіп мемлекеттік-жекешелік әріптестік қағидаты бойынша жүзеге асырып жатыр. Ауданы 22 мың шаршы метрден астам әрбір BINOM мектебінде 127 кабинет, физика, химия, биология, нано- және биотехнология бойынша 9 кеңейтілген зертхана, 100 орындық кинозал, мұғалімдер мен балаларға арналған коворкинг-аймақтар, телестудия, ойын бөлмелері, смарт-сыныптар, шығармашылық эксперименттерге арналған 3D-принтер, роботты техника кабинеттері, металл және ағаш ою шеберханалары, Speaking Club, TedxBinom, сондай-ақ қазақстандық және шетелдік жазушылардың 5 мыңнан астам танымал басылымдары жинақталған кітапхана бар. Сонымен қатар ерекше білім алу қажеттілігі бар балалар үшін ыңғайлы білім беру ортасы жасалған: жүріп-тұруы шектеулі оқушыларға арналған лифтілер, пандустар, көтергіштер, биіктігі реттелетін үстелдер мен парталар, тактильді жолақтар және т.б. Үкімет басшысы мектеп оқытушыларымен кездесті. BINOM мектебіне мұғалімдерді іріктеу Jumys Smart Nation ірі интернет-платформасында өтті. Екі кезеңдік конкурстық іріктеудің нәтижелері бойынша мектепке республика өңірлерінен 300 педагог қабылданды", - делінген Премьер-Министрдің сайтында.

 
Елордада ашылған Quantum STEM School жекеменшік желісінің алғашқы инновациялық мектебі 1 020 орынға арналған. Мектеп математика, ғылым және инженерия пәндерін тереңдетіп оқытатын Сингапур мен АҚШ-тың үздік оқу әдістемелерінің озық тәжірибесіне негізделген. Мұнда оқушылар жалпы білім беру пәндерімен қатар, интеграцияланған инженерлік бағдарлама (Integrated Engineering Program), спорттық бағдарламалау, авиамодельдеу және т. б. курстарын меңгереді. Алдағы жылдары бүкіл ел бойынша 20 Quantum STEM School салу жоспарда бар.
 

Мемлекеттік-жекешелік әріптестік моделі бойынша инновациялық оқу орындарын салуды арттып, жекеменшік мектептер желісін дамыту қажет. Бизнеспен бірлесіп іске асырылған озық оқу орындарын құру жобалары орта білім берудің жаңа стандарттарын қалыптастыруға үлгі болады", — деді А. Мамин.

 
Бұған дейін Нұр-Сұлтан қаласының әкімі дәстүрлі Тамыз кеңесінде ағымдағы жылы елордада 15 мектеп салынатынын айтты, бұл 40 мыңнан астам жаңа оқушы орны. Бұл 2020 жылмен салыстырғанда 2 есе және 2019 жылмен салыстырғанда 4 есе көп.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны