03.11.2022, 14:58 9996

Қазақстандық педагогтер оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерді таңдау мүмкіндігіне ие болады

Қазақстандық педагогтер оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерді таңдау мүмкіндігіне ие болады
Астана. 3 қараша. KAZAKHSTAN TODAY - Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Мектепке дейінгі және орта білім комитеті "Мемлекеттік білім беру ұйымдары педагогтерінің оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерді таңдау қағидаларын бекіту туралы" бұйрықтың жобасын әзірледі.
 
Құжаттың мәтініне сәйкес, бұйрық жобасының мақсаты мемлекеттік білім беру ұйымдары педагогтерінің оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерді таңдау қағидаларын бекіту болып табылады.
 

Елімізде орта білім беру ұйымдарына арналған оқулықтар мен ОӘК-нің мақұлданған тізбесіне 1-11 сыныптарға арналған 700-ден астам оқулық кіреді. Орта есеппен 2, 5-11 сыныптарда әр пән бойынша 2-3 балама оқулық бар. Таңдауды бүкіл ел бойынша 7,5 мың мектептен 380 мыңға жуық педагог жүзеге асырады. Оқу әдебиеттерін таңдау және тапсырыс беру процестерін автоматтандырусыз мониторингті тиімді және уақтылы жүргізу күрделі және тиімсіз", - деп атап өтті әзірлеушілер.

 
Осы бұйрықтың жобасын қабылдау қажеттілігі мемлекеттік білім беру ұйымдары педагогтерінің оқу процесіне енгізілетін балама оқу әдебиеттерімен, олардың ерекшеліктерімен танысуға және мұғалімдердің балама оқулықтарды таңдау процесінің ашықтығын арттырумен байланысты.
 
Жобада Қазақстан Республикасының қолданыстағы нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес мемлекеттік білім беру ұйымдары педагогтерінің оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерді таңдау тәртібін енгізу көзделген, оның ішінде:
 
  • Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі № 319 "Білім туралы" заңы;
  • Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 22 мамырдағы "Орта білім беру ұйымдарына арналған оқулықтардың, мектепке дейінгі ұйымдарға, орта білім беру ұйымдарына арналған оқу-әдістемелік кешендердің, оның ішінде электрондық нысандағы тізбесін бекіту турал" № 216 бұйрығы;
  • Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 29 шілдедегі "Мемлекеттік білім беру ұйымдарының білім алушылары мен тәрбиеленушілерін оқулықтармен және оқу-әдістемелік кешендермен қамтамасыз ету қағидаларын бекіту туралы "Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 28 қаңтардағы № 91 бұйрығына өзгеріс енгізу туралы" № 324 бұйрығы.
 

Аталған нормативтік-құқықтық акт реттеуді қатаңдатуды көздемейді. Осыған байланысты реттеушілік әсерге талдау жүргізу қажет емес", - деп қосты әзірлеушілер.

 
Құжаттың толық мәтінімен "Ашық НҚА" порталында танысуға болады.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны