03.03.2023, 16:12 41996

Екібастұз ЖЭО-ға 2,7 млн ​​теңге айыппұл салынды

Екібастұз ЖЭО-ға 2,7 млн ​​теңге айыппұл салынды
Сурет: ortcom.kz
Қазіргі уақытта әкімшілік айыппұл толық көлемде төленді

Екібастұз. 3 наурыз. KAZAKHSTAN TODAY - Екібастұз жылу-электр орталығында заңбұзушылықтар анықталды, деп хабарлайды ҚР Сауда және интеграция министрлігінің баспасөз қызметі.
 
Баспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, 2023 жылғы қаңтарда ҚР Сауда және интеграция министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитетінің Павлодар облысы бойынша департаменті Екібастұз қаласының прокуратурасымен бірлесіп, Екібастұз жылу-электр орталығында метрология саласындағы заңнамалық актілерде белгіленген талаптарды сақтау бөлігінде тексеруге қатысты.
 
Тексеру барысында салыстырып тексеру аралығы бұзылған және салыстырып тексеру мерзімі өткен өлшеу құралдарының қолданылғаны анықталды. Мысалы: техникалық манометрлер, қысым түрлендіргіштері, вольтамперфазометр, мегаомметр. Өлшем құралдарын салыстырып тексерусіз қолдану "Өлшем бірлігін қамтамасыз ету туралы" ҚР Заңының 19-бабының 1-тармағын бұзу болып табылады.
 
Аталған заңбұзушылық жол берілгені үшін ҚР ӘҚБтК-нің 419-бабының 1-бөлігінің 2-тармағы бойынша 1600 АЕК - 5 520 000 теңге мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынады.
 
Екібастұз қаласы Прокуратурасының заңбұзушылықтарды жою туралы ұсынысы негізінде Департамент әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырды.
 
Екібастұз ЖЭО бұзушылық жасау фактісін мойындауына байланысты ҚР ӘҚБтК 811-бабына сәйкес жеті тәулік ішінде қысқартылған іс жүргізу тәртібімен 2 760 000 теңге мөлшерінде әкімшілік айыппұл төлеу туралы ұйғарым шығарылды.
 

Қазіргі уақытта әкімшілік айыппұл толық көлемде төленді. Сондай-ақ Департамент Екібастұз ЖЭО-на қатысты заңды бұзуға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою туралы Жеке ұсыныс шығарды", - делінген хабарламада.

 
Естеріңізге сала кетейік, 2022 жылғы 27 қарашада Екібастұз ЖЭО-да болған ірі апат қала тұрғындарын 30 градус аязда жылусыз қалдырды. Тұрғын үйлер, сондай-ақ әлеуметтік нысандар: мектептер, балабақшалар мен ауруханалар жылытудан ажыратылды. Қалада төтенше жағдай жарияланды. Әлеуметтік орталықтардың кейбір балалары мен аурухананың кейбір пациенттерін эвакуациялауға тура келді. Балабақшалар жұмысын тоқтатты, ал оқушылар уақытша қашықтықтан оқытуға ауыстырылды. 7 қаңтарда Екібастұз ЖЭО-да тағы да апат болды. Тұрғындар пәтерлердегі суыққа шағымданды.
 
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Екібастұз үйлеріндегі жылуды тұрақтандыру үшін шаралар қабылдауды тапсырды. Ұлттық экономика министрі Қуантыров биылғы жылдың көктемінен бастап коммуналдық қызмет тарифтерін көтеру жоспарланып отырғанын айтты. Ең көп өсім Екібастұз тұрғындары үшін желілердің жоғары тозуына байланысты күтілуде.
 
18 ақпанға қараған түні ЖЭО-да тағы да апат болды. Қала тұрғындары пәтерлердегі суыққа шағымданды, қала оқушылары қашықтықтан оқытуға ауыстырылды.
 
Ақпарат көзі: inform.kz
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны