01.02.2022, 17:01 15606

ҚР-да COVID-19 жағдайы тұрақталған жоқ: көптеген өңірлер "қызыл аймақта"

Аурудың ең көп өсімі Павлодар, Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында байқалады.
НҰР-СҰЛТАН. 1 АҚПАН - ҚР-да коронавируспен сырқаттанушылық жағдайы тұрақталған жоқ: көптеген өңірлер "қызыл аймақта". Өткен тәулікте ПТР-тестінің оң нәтижесімен 5 466 жаңа жағдай және коронавирустық инфекция белгілерімен пневмониямен ауырудың 13 жағдайы тіркелді, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 

Коронавирус инфекциясымен сырқаттану жағдайы тұрақтанбай, вирус жұқтыру деңгейі әлі де жоғары болып тұр. Өңірлердің көбі "қызыл" аймақта тұр. Аурудың ең көп өсімі Павлодар, Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында байқалады. Эпидемиологиялық жағдайды бақылауды жалғастыру қажет", - деді ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Үкімет отырысында.

 
Ол, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, бизнестің одан әрі дамуына кедергі болмас үшін карантиндік шектеулер қайта қаралып, төмендетілгенін атап өтті.
 

Кәсіпкерлерге қатысты карантиндік шектеулердің төмендегенін ескере отырып, "Атамекен" ҰКП-ға бизнеспен санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтау бойынша әлеуметтік жауапкершілік мәселесін пысықтауды тапсырамын. Кәсіпкерлер жұмысына аса жауапкершілікпен қарауы тиіс. Сауда немесе тамақтану орындарында, өндіріс алаңдарында коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу үшін барлық қажетті шаралар қатаң сақталуы керек. Мұны бизнестің өзі қадағалауы тиіс, өйткені әлеуметтік жауапкершілік, бірінші кезекте, бизнестің өзі үшін қажет", — деді Ә. Смайылов.

 
Премьер-Министр елдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды бақылауда ұстауды, барлық оқу орындарында санитарлық талаптардың мүлтіксіз сақталуын қамтамасыз етуді, халықты вакциналау және ревакциналау жұмыстарын барынша күшейтуді тапсырды.
 

Бұған дейін берілген тапсырмаларға қарамастан, Маңғыстау және Қостанай облыстарында екпе алуға тиіс халықтың жартысы ғана вакцина салдырған. Сондай-ақ ел астанасы мен Алматыда және Маңғыстау облысында ревакциналау қарқыны жақсарған жоқ. Шығыс Қазақстан облысын жақсы мысал ретінде келтіремін, онда вакцинамен қамту 100%-ға, ревакциналау 80%-ға жеткен, сондай-ақ Жамбыл облысында вакцинамен қамту 100%-ға жуықтаған, ал халықтың 66%-ы ревакциналанған. Бұл басқа өңірлер үшін өте жақсы мысалдар. Артта қалған өңірлердің әкімдері вакцинация және ревакцинация мәселесін күнделікті бақылауға алсын", - деп өкім етті Премьер-Министр.


 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны