Балабақшалардағы орын тапшылығы және басшылардың қаржылық тәртібі: Алматыда мектепке дейінгі білім беру мәселелері талқыланды
Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев мемлекеттік балабақшалардың басшыларымен кеңес өткізді.
Мемлекеттік балабақшалар басшыларының қатысуымен өткен кеңесте балабақшалардағы орын тапшылығын азайту, балаларды тамақтандырудың және денсаулық жағдайларын медициналық бақылаудың сапасын арттыру, мектепке дейінгі білім беру әрі тәрбиелеу үрдістерін, әкімшілік тарапынан менеджементті жақсарту, сыбайластық тәуекелдеріне қарсы іс-қимыл жүргізу мәселелері қаралды.
Бүгінгі күні Алматыда 824 мектепке дейінгі ұйым бар, оның 189-ы мемлекеттік, оған 65 мыңнан аса бала қатысады. 3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды қамту шамамен 90%-ды құрайды. Балабақшаларда орын тапшылығын азайту мақсатында 640 орынды төрт мемлекеттік балабақшаның құрылысы жүруде. Сонымен бірге, жергілікті бюджеттің қаржысы есебінен жеке балабақшалардағы ата-аналардың төлемдерін ішінара өтеу тетіктері пысықталуда. Бұл қосымша 5 мың орын құруға мүмкіндік береді. Тағы 2,2 мың орынды қолданыстағы нысандарды қайтару немесе жаңарту арқылы ашу жоспарлануда", - деп хабарлады әкімнің баспасөз қызметі.
Кеңесте балабақшалар басшыларының жауапкершілігін күшейтуге ерекше назар аудару керектігі сөз болды. Әсіресе қаржы тәртібін сақтау өте маңызды, өйткені мектепке дейінгі білім беру саласына бөлінетін қаржы көлемі өсті. Сонымен бірге, балабақша меңгерушілері білім беру процесінің жоғары мазмұндық сапасын қамтамасыз етіп, қосымша сабақтар өткізуді енгізулері тиіс.
Күн тәртібіндегі өзекті мәселенің бірі – балалар тағамының сапасын арттыру және қауіпсіздік шараларын күшейту. Бақылауды күшейту үшін бейнебақылау жүйесі кеңінен енгізіліп, "соқыр аймақтар" жабылуда.
Коронавирустық пандемия жағдайында санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздік нормаларын сақтауға ерекше назар аударылады. Санитарлық дәрігерлер санитарлық қауіпсіздік ережелерінің белгіленген тәртібінің сақталуын анықтау үшін тұрақты мониторинг жүргізеді.
Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев қаржылық тәртіпке бақылауды күшейтуді және менеджментті күшейту бойынша шаралар қабылдауды тапсырды. Бұдан былай балабақша меңгерушілерінің жұмысы іске асырылған KPI арқылы бағаланатын болады. Бұдан өзге, қамқоршылық кеңестерінің құрамы қайта қаралады, олардың құрамында белсенді өмірлік ұстанымдары бар ата-аналар болулары тиіс.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.