25.03.2021, 18:19 10368

Алматы облысында карантин шаралары күшейтіледі

Демалыс күндері Алматы облысының аумағында локдаун енгізіліп, сауда және кәсіпкерлік нысандарында дезинфекция жүргізіледі.
ТАЛДЫҚОРҒАН. 25 НАУРЫЗ - Демалыс күндері Алматы облысының аумағында локдаун енгізіліп, сауда және кәсіпкерлік нысандарында дезинфекция жүргізіледі, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Алматы облысы әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов журналистерге арнап өткізген брифинг барысында қаңтар, ақпан айларына қарағанда наурызда аурудың қарқыны өскені байқалатынын айтты. Ал аурудың шыңы сәуір айында болады деп күтілуде.
 

Кейінгі аптада коронавируспен ауырғандар саны екі есеге өсіп, 0,8% құрады, соңғы тәулікте 104 жағдай анықталды. Мәселен, алдыңғы екі айда ауруханаға 20-30 адам түссе, соңғы аптада күніне 100-ге жуық адам түсуде. Одан бөлек 52 жүкті әйел коронавируспен ауырып жатыр. Ал жедел жәрдемді шақыру екі мыңнан екі жарым мыңға дейін көбейген. Бұл наурыз мерекелері кезінде тұрғындардың шектеу шаралары талаптарын сақтамаудың салдарынан туындап отыр", - деп атап өтті Батыржан Байжұманов.

 
Қазіргі кезде 1053 адам ауруханаларда стационарлық емде, 25 адам реанимацияда жатыр. Облыс әкімінің орынбасары тұрғындарды өзін-өзі емдеумен айналыспауға, аурудың алғашқы белгілері болған жағдайда мобильді бригадалардың қызметіне жүгінуге шақырды.
 

Өздеріңіз көріп отырғандай Алматы қаласында тәулігіне 400-ге дейін коронавирус инфекциясы анықталуда. Күнделікті Алматы қаласына облыс тұрғындарының көші-қоны жоғары болуына байланысты облыстағы жағдай қиындап отыр", - деді спикер өз сөзінде. 

 
Наурыз айында инфекцияның ең көп дерегі Алматы қаласы маңындағы Жамбыл, Еңбекшіқазақ, Талғар, Іле, Қарасай аудандарында, сол сияқты Талдықорған, Текелі қалаларында, Көксу, Панфилов аудандарында тіркелді. Аурудың таралуына көпшілік бас қосулар, адамдардың бет пердесіз жүруі және т.б. себептер ықпал етіп отыр.
 
Өз сөзінде Б. Байжұманов инфекцияның таралуын азайтудың жолдарына тоқталып өтті. Бұл – біріншіден, карантиндік шараларды күшейту, екіншіден, демалыс күндері локдаун енгізу, қоғамдық орындардың жұмысын қысқарту, үшіншіден, вакцина қабылдау.
 

Коронавирус инфекциясы біздің арамызда, ол ешқайда кеткен жоқ. Қабылданып жатқан шаралар облыс тұрғындары арасында инфекцияның таралуына жол бермеуге себеп болады. Баршаңызды карантин режимін сақтауға шақырамыз. Сақтық шаралар өзіміз үшін керек екенін естен шығармайық", - деді Батыржан Байжұманов брифингіде.

 
24 наурыз 23:59-дағы эпидемиологиялық жағдай бойынша Қазақстанда коронавирустың 236 200 жағдайы расталды. Өткен тәулікте 1 105 адамда коронавирус індеті ПТР арқылы расталып ауырғаны белгілі болды. Оның ішінде Алматы облысында - 12 667 (+104).
 
Бұған дейін Алматы тұрғындарын сауда үйлері мен базарларда вакцинациялау жоспарланып отырғаны белгілі болды.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны