30.03.2021, 20:36 8411

БҒМ: Алматының үш музыкалық мектебін жекешелендіру тізімінен шығару жоспарлануда

НҰР-СҰЛТАН. 30 НАУРЫЗ - Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова Алматының №1, 3 және 11 музыкалық мектептерін жекешелендіру тізімінен шығару жоспарланғанын хабарлады, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Бiлiм және ғылым министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 29 желтоқсандағы №908 "Жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кейбір мәселелері туралы" қаулысын орындау мақсатында әкімдік жекешелендіру нысандарын ұсынды, оның ішінде 3 балалар музыка мектебі (№1 Балалар музыка мектебі (хор мектебі), Прокофьев атындағы №3 Балалар музыка мектебі және №11 Балалар музыка мектебі). Қазіргі уақытта Алматы қаласының әкімдігі үш музыкалық мектепті бәсекелестік ортаға берілетін нысандар тізімінен шығару мәселесін пысықтауда", - деді Шолпан Каринова Мәжіліс депутаттарының сауалына жауап бере отырып.

 
2017 жылы жекешелендірілген Алматыдағы №2 Балалар музыка мектебіне қатысты айта келе, ол қазіргі уақытта онда 17 педагог жұмыс істейтінін және 122 оқушы оқып жатқанын атап өтті. Жекешелендіруге дейін 320 оқушы оқып, 48 педагог жұмыс істеді. Мектепте бұрын жеке ғимарат болмаған, бірақ оның балансында мүлік (құрал-саймандар) болған.
 

Бүгінде мектеп А.Байтұрсынов көшесі, 21 мекен-жайы бойынша жалпы ауданы 450 шаршы метр ғимаратты жалға алады. Жекешелендіруге дейінгі ата-аналар төлемінің мөлшері айына 5 мың теңгені құрады, қалған шығындарды білім басқармасы өтейді. Бүгінде оқу ақысының мөлшері айына 18 мың теңгені құрайды", - деп нақтылады вице-министр.

 
ҚР музыкалық және басқа да мамандандырылған мектептер мен білім беру мекемелерін жекешелендіруге тыйым салу туралы ұсынысқа жауап бере отырып, Каринова мемлекеттік меншік объектілерін сату туралы шешім қабылдау жергілікті атқарушы органның құзыретіне жататынын атап өтті.
 
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін ата-аналар қоғамдастығы Премьер-Министрге музыка мектептерін жекешелендірілетін нысандар тізімінен шығару туралы мәселе көтерген болатын.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны