08.07.2021, 23:20 14020

БҒМ көп балалы және толық емес отбасылардан шыққан талапкерлерді оқытуға квота бөлді

Президенттің тапсырмасына сәйкес бұл шара алғаш рет қарастырылған.
НҰР-СҰЛТАН. 8 ШІЛДЕ - Білім және ғылым министрлігі 2021-2022 оқу жылына білім беру гранттарын бөлу кезінде халықтың әлеуметтік осал топтарына квоталар бөлді, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Бiлiм және ғылым министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Енді көпбалалы немесе толық емес отбасылардан шыққан балалар, сондай-ақ ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардағы талапкерлердің грант алу мүмкіндіктері жоғарылай түсті. Президенттің тапсырмасына сәйкес бұл шара алғаш рет қарастырылғанын айта кеткен жөн.
 

Білім және ғылым министрлігі Президенттің тапсырмасы бойынша халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан балалардың мемлекет есебінен білім алуына мүмкіндіктің көбірек болуы үшін жұмыс жүргізді. Кәмелетке толмаған төрт және одан көп бала тәрбиелеп отырған отбасылардағы балалар үшін гранттардың жалпы санының 5%-ы, кемінде үш жыл толық емес отбасы мәртебесі бар отбасылардан шыққан балаларға – 1%, І, ІІ топтағы мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардан шыққан түлектерге білім беру гранттарының 1%-ы көзделген. Бұл ретте олардың ҰБТ нәтижелері шекті балға сәйкес келуі тиіс", – деп хабарлады Білім және ғылым вице-министрі Қуаныш Ерғалиев.

 
Сонымен қатар квота шеңберіндегі гранттар жетім балалар мен этникалық диаспора өкілдері үшін де бөлінген. Осылайша, азаматтардың әлеуметтік осал санаттарындағы талапкерлер білім беру гранттарын беру кезінде басымдыққа ие болады. Мәселен, егер педагогикалық мамандықтарға 8 мыңға жуық білім гранты бөлінсе, оның ішінде 1063 грант халықтың әлеуметтік осал топтарындағы азаматтар үшін көзделген.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны