14.07.2021, 19:38 11624

Шығыс Қазақстанда археологтар ежелгі түркі дәуірінің бірегей алтын артефактілерін тапты

ӨСКЕМЕН. 14 ШІЛДЕ - Тарбағатай ауданында "Елеке Сазы" қорғанын қазу кезінде археологтар ежелгі түркі дәуірінің бірегей алтын артефактілерін тапты. Бұл туралы ШҚО әкімі Даниал Ахметов ғалымдармен, археологтармен кездескеннен кейін хабарлады, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 

Екі күн бұрын ғана белгілі археолог Зейнолла Самашев Тарбағатай ауданында қағанат басшылары бейнеленген алтын тәж артефактілерін тапты. Бүгінгі күнге дейін археологиялық қазба жұмыстары кезінде мұндай көне жәдігерлер кездеспеген еді. Бұл әлемдік жаңалық жақында жарық көретін үш томдық кітап беттеріне енетініне, ал артефактілер мұражай экспонаттарының арасынан лайықты орын алатынына сенімдімін", - деп атап өтті Даниал Ахметов әлеуметтік желідегі парақшасында.

 
Естеріңізге сала кетейік, кеше аймақ басшысы Қазақстан тарихына арналған үш томдық кітап редакциясының құрамына кіретін тарихшы-ғалымдармен және археологтармен кезекті рет кездесті.
 
Бұл басылымға профессор З.Самашевтың басшылығымен қазба жұмыстары жүргізіліп жатқан ежелгі түркі дәуірінің өте қызық ескерткіші – Елеке Сазы шатқалындағы ғибадат ету-еске алу ғимаратына байланысты ғылыми-зерттеу жұмысының нәтижелері кіреді.
 

Бұл кітапты жазуға құнды тарихи жаңалықтар ашқан көрнекті ғалымдар атсалысып жатыр. Ғалымдардың білімі мен кәсібиліктеріне күмән жоқ. Бұл өте маңызды. Олар кез-келген түсініспеушіліктің алдын алатын және оны болдырмауға, бастысы тарихи әрі сенімді фактілерді жариялауға аянбай еңбек етіп жатыр", - деді облыс әкімі.

 
Дәуірлік тарихи еңбектің бір бөлігі Қазақстанның қалыптасу тарихына өлшеусіз үлес қосқан тұлғаларға арналмақ. Үш томдық кітапта 1985-1991 жылдар аралығындағы кезең ерекше баяндалуы тиіс.
 
Елеке Сазы шатқалындағы тастан салынған үлкен ғибадат-еске алу ғимараты екі құрамдас бөліктен тұрады. Жоғарғы жағы кесілген пирамида түріндегі ғибадатхана және оған іргелес лабиринт бар. Тастан салынған ғимарат қирандыларын зерттеу жұмыстары 2020 жылы басталды.
 
Ескерткіш Батыс Түрік қағанаты қағандарының бірінің құрметіне салынған. Болжам бойынша оның денесі осында жерленген.
 
Көп жыл бұрын осы жерден басы сынған қағанның мүсіні табылған болатын. Ол қазір ҚР Ұлттық музейінде сақтаулы.
 
Жақында археологтар көптеген қару-жарақ пен ат әбзелдерін тапты. Салтанатты костюмде әшекейлер мен ою-өрнек жапсырмалары бар. Безендірілген белдік кездеседі. Мұндағы әшекейлердің кей жерлері күйген, балқып кеткен.
 
Сонымен қатар, ғибадатхана түбінндегі айналасы қоршалып, өртенген жердің маңайынан тұтқалары бар қола ыдыс, тостаған және басқа да заттар табылды.
 
Табылған заттар арасында алтын тағына тағылған қағандардың суреттері бар екі алтын алқа үлкен қызығушылық тудырады. Тақтың оң және сол жағында тізе бүккен қызметшілердің суреттері бейнеленген. Кейіпкердің өрілген шашы мен киім бөлшектері анық көрінеді. Суреттердің бірінен қаған бетінің кескінін көруге болады.
 
Тарихшылар мен археологтар ежелгі түркілердің көркем мәдениеті мен сәндік-қолданбалы өнерінің осы бір өте шебер туындылары император бейнесінің иконографиясын, сондай-ақ мемлекеттік атрибутиканың бұрын-соңды белгісіз бөлшектерін-зооморфтық безендірілген шынтақшасы бар тақтың құрылысын, тәждердің түрлерін және т.б. егжей-тегжейлі көрсететін көрнекті дереккөз болатынын айтты.
 
Бұл ортағасырлық жаңа тарихи дерек көзі болып саналады. Ол қағанаттың әлеуметтік-саяси құрылымын, діни көзқарастарын, сот рәсімдерін және т.б. мәселелерге қатысты сұрақтарға жауап береді.
 
Табылған материалдар түркі этностарының тарихы мен мәдениетінің түрлі аспектілерін зерттеумен айналысатын әлемнің түрлі елдері мен ғылыми орталық зерттеушілерінің қызығушылығын тудыратыны күмәнсіз.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны