06.09.2021, 21:20 6616

Ақмола облысында Тілдер онкүндігі басталды

КӨКШЕТАУ. 6 ҚЫРКҮЙЕК - Ақмола облысында 6-17 қыркүйек аралығында Қазақстан халқының Тілдері күніне орай екі мыңға жуық түрлі іс-шаралар өткізіледі, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY Ақмола облысы ішкі саясат басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Тілдер онкүндігіне бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында ішкі саясат, мәдениет, мұрағаттар мен құжаттама, білім басқармалары өкілдерінің қатысуымен өткен брифинг бастау алды, деп хабарлады облыстың ішкі саясат басқармасы.
 
Облыс ішкі саясат басқармасының басшысы Алтынай Амренова өз сөзінде биылғы Тілдер күніне арналған барлық іс-шаралар ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналғанын атап өтті.
 

Тілдер онкүндігі аясында барлық мемлекеттік мекемелерде, ұйымдар мен кәсіпорындардың еңбек ұжымдарында барлық санитариялық-эпидемиологиялық нормаларды сақтай отырып, мемлекеттік тілді танымал етуге бағытталған іс-шаралар жүргізілетін болады. Олардың қатарында конкурстар, акциялар, викториналар, айтыстар, көрмелер, дөңгелек үстелдер, бейнесабақтар, челлендждер конкурстары, онлайн форматтағы іс-шаралар бар. Тілдер онкүндігіне барлығы 200 мыңнан астам ақмолалық қатысады", - деп хабарлады спикер.

 
Сондай-ақ, Алтынай Амренова облыста 19 тілдерді оқыту орталығы жұмыс істейтінін айтты. Биыл оқу жылын 3 500-ден астам тыңдаушы аяқтады. 1 406 тыңдаушы мемлекеттік тілде, 487 тыңдаушы ағылшын тілінде сертификаттар алды.
 
Ономастика бағыты бойынша осы жылдың соңына дейін облыста 36 түрлі мемлекеттік мекеменің атауын өзгерту жоспарлануда.
 
Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Айгүл Сәбитова мен білім басқармасы басшысының орынбасары Ботакөз Дүйсенова өз сөздерінде Қазақстан халқының Тілдері күніне арналған түрлі форматтағы іс-шаралар барлық мәдениет және білім беру ұйымдарында өткізілетінін атап өтті. Олардың ішінде мектеп оқушылары арасындағы "Жұлдызды сәт" караоке-конкурсы, "Мемлекеттік тіл - менің тілім" конкурсы, мектепке дейінгі ұйымдардағы "Отан, тіл және білім - болашақ тірегім" мақал-мәтелдер конкурсы, мәдениет мекемелеріндегі "Түркі тілдерінің ішіндегі жаухары - қазақ тілі" шығармалар конкурсы.
 
Брифинг барысында мемлекеттік органдарда "Қазақстан Республикасындағы тіл туралы" заңның сақталуына профилактикалық бақылау жүргізу, тілдерді оқыту орталықтарының жұмыс форматы және қазақ тілінде оқытатын білім беру ұйымдарының санын арттыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы сұрақтар қойылды.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны