03.11.2021, 16:20 65304

ТМД Шекара әскерлері қолбасшыларының кеңесі батыр-шекарашыны медальмен марапаттады

ТМД Шекара әскерлері қолбасшыларының кеңесі батыр-шекарашыны медальмен марапаттады
Сурет: ҚР ҰҚК
СЕМЕЙ. 3 ҚАРАША - 2021 жылғы 2 қарашада Семей қаласының гарнизондық офицерлер үйінде батыр-шекарашы Раджан Батркановтың анасына салтанатты түрде "ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің шекараларын нығайтқаны үшін" медалі табыс етілді, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 

Батрканов Раджан Армиевич (1975-1994) интернационалист-жауынгер, батыр-шекарашы. Жеке қазақстандық құрама батальонының Күршім взводының құрамында қызмет атқарды. 1994 жылғы 28 қыркүйекте тәжік-ауған шекарасында қаза тапқан. Қиян-кескі айқасты бірінші қабылдап, өз әскери қызметтестерін құтқарып, ұрыста жеңіске жетуге жол ашты. Батыр-шекарашыны медальмен марапаттау туралы шешімді ТМД мемлекеттерінің (Әзірбайжан, Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Молдова, Ресей, Тәжікстан, Түркіменстан, Өзбекстан, Украина) 11 шекара ведомствосының Шекара әскерлері қолбасшыларының кеңесі қабылдады", - деп хабарлады ҰҚК баспасөз қызметі.

 
ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Шекара әскерлері қолбасшыларының кеңесі - ТМД мемлекеттерінің басшылары 1992 жылғы 6 шілдеде сыртқы шекараларды күзету мен олардағы тұрақты жағдайды қамтамасыз ету мәселелерін шешу үшін құрған халықаралық ұйым.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны