05.07.2022, 16:30 14651

"Отбасы банк" ұлттық даму институтына айналады

Жаңа модель халықты тұрғын үймен қамтамасыз етудің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
НҰР-СҰЛТАН. 5 ШІЛДЕ - Үкімет отырысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев тұрғын үй саясатындағы жаңа тәсілдерді іске асыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Қайырбек Өскенбаев Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ҚР ИИДМ тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері бойынша заң жобасын әзірлегенін атап өтті. Негізгі жаңашылдықтардың қатарында — Отбасы банкін Ұлттық даму институтына трансформациялау және аталған институт базасында тұрғын үйге мұқтаж азаматтардың барлығын орталықтан есепке алуды жүзеге асыра алатын "Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығын" құру.
 
Оның айтуынша, жаңа модель халықты тұрғын үймен қамтамасыз етудің тиімділігін арттыруға және азаматтардың барлық санаттары бойынша тұрғын үйлерді әділ бөлудің бірыңғай тетігін енгізуге мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта заң жобасы Парламент Мәжілісінің қарауында.
 
Бұдан басқа, халықаралық тәжірибені ескере отырып және ғалымдар мен урбанист-сарапшылардың қатысуымен "Қалалардың кешенді құрылысының стандарты" жобасы әзірленіп, бекітілген болатын.
 

Жоба бекітілді және биыл аталған стандарттарды жайлы қоғамдық кеңістікті қалыптастыру, жаяу жүргіншілер мен велосипед инфрақұрылымын дамытуды ескере отырып, қалалардағы құрылыс жұмыстарын жоспарлау кезінде іс жүзінде қолдануға болады", – деді министр.

 
Қазақстандықтардан келіп түскен шағымдар мен қалаларда орын алған жағдайларға байланысты министрлік елді-мекендердегі құрылыс мәселесінде мемлекеттік бақылауды күшейтуді көздейтін заңнамаға түзетулер әзірледі.
 

Атап айтқанда, аумақта құрылыс салуды сапасыз жоспарлауды болдырмау мақсатында құрылыстың барлық кезеңдерінде (қазаншұңқыр қазудан бастап абаттандыру жұмыстарына дейін) қала құрылысы сараптамасын және объектілерді жоспарлы бақылауды енгізу, сондай-ақ МСҚБ-ның объектілерді пайдалануға қабылдауға қатысуы және пайдаланылатын материалдар мен орындалған жұмыстардың сапасына зертханалық және техникалық тексеру жүргізу үшін тәуелсіз мемлекеттік зертханалық қызметті құру ұсынылады", – деді Қ.Өскенбаев.

 
Заң жобасы қазіргі уақытта мүдделі мемлекеттік органдармен және ұйымдармен талқылау сатысында.
 
Сондай-ақ, ИИДМ басшысы Әлихан Смайыловты Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша әзірленген жалдамалы тұрғын үйді субсидиялау бағдарламасын іске асыру жөнінде хабардар етті. 
 
Бүгінгі таңда бағдарлама әкімшісі – Отбасы банк 25 мыңнан астам өтінім қабылдады. Оның ішінде 6 мыңға жуығы мақұлданды (4986 – көпбалалы отбасылар, 829 – мүгедек балалары бар отбасылар, 523 – І және ІІ топтағы мүмкіндігі шектеулі жандар, 49 – ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар).
 
Сонымен қатар, отырыс барысында Қайырбек Өскенбаев тұрғын үй саясатын жүзеге асырудағы жалпы жағдайды суреттейтін ақпаратпен бөлісті. Оның мәлімдеуінше, 2022 жылы Қазақстанда 15 млн шаршы метрден астам тұрғын үй немесе 138 мың тұрғын үй салу жоспарланған, оның 90 мыңнан астамы – көпқабатты үйлердегі пәтерлер, ал 47 мыңы – жеке тұрғын үйлер. Ағымдағы жылдың 5 айының қорытындысы бойынша тұрғын үйді пайдалануға беру көлемі 103,4%-ға (4,7 млн шаршы метр) орындалды.
 
Сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үймен әлеуметтік тұрғыда осал топтардан кезекте тұрған 4 мың адам және жұмыс істейтін жастар арасынан 3 мың адам қамтамасыз етілуі тиіс. Өңірлерде кезекте тұрғандар үшін Отбасы банкі арқылы сатылатын кредиттік тұрғын үйде 10 мыңға жуық пәтер салынуда.
 

Бұдан басқа, "Бақытты отбасы" бағдарламасы бойынша жеңілдетілген қарыздар түріндегі мемлекеттік қолдау шараларымен 5 мыңнан астам кезекте тұрғандар азаматтарды және жеке тұрғын үй қорынан үй-жайды жалға алғаны үшін тұрғын үй төлемдерімен 70 мыңға жуық кезекте тұрғандарды қамтуды жоспарлап отырмыз", – деп қорытындылады министр.


Бұдан бұрын хабарланғандай, зейнетақы жинақтарының тұрғын үйге жұмсауға болатын шекті мөлшерінің өсуіне және келесі жылы "7-20-25" бағдарламасының аяқталуына байланысты, 500 млрд. теңге ипотекаға немесе 35 мың пәтерге деген сұраныс өтелмейді деп болжам жасалып отыр
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны