10.11.2022, 14:37 31001

"АрселорМиттал" шахтасындағы трагедия: жер қойнауын пайдаланушылар өндірісті жаңғыртуға инвестиция салуға міндетті

Ленин шахтасында бес кеншінің өмірін қиған қайғылы оқиғадан кейін "АрселорМиттал Теміртау" АҚ өндірісті жаңғыртуға қаражат салуға міндеттенеді.
"АрселорМиттал" шахтасындағы трагедия: жер қойнауын пайдаланушылар өндірісті жаңғыртуға инвестиция салуға міндетті
Сурет: gmk.center
Астана. 10 қараша. KAZAKHSTAN TODAY - Ленин шахтасында бес кеншінің өмірін қиған қайғылы оқиғадан кейін "АрселорМиттал Теміртау" АҚ өндірісті жаңғыртуға қаражат салуға міндеттенеді. Бұл туралы Сенат отырысында Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Әлихан Смайылов мәлімдеді.
 

Бұл компания үшін көмір өндіру жөніндегі жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартқа алғаш рет жыл сайын кемінде 150 млрд теңге көлеміндегі инвестицияны көмір өндірісін жаңғыртуға салу қажеттігі туралы қосымша талап жаздық. Сонымен қатар көмір қатпарларын газдандыру үшін 7 млрд теңге салады. Бұрын мұндай болған емес. Жер қойнауын пайдалануға өзге де міндеттемелер қойылып отыр", - деді Әлихан Смайылов Сенаттың жалпы отырысында сенаторлардың сауалына орай.

 
Осы ретте Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев осындай жағдайлардың қайталанбауы үшін барлық іс-шараларды жүзеге асыру қажеттігін баса айтты.
 

Бұл халықтың ішінде талқыланып жатқан ең өзекті мәселелердің бірі екенін бәріміз білеміз. Қарағанды облысында болған соңғы жағдай бәріміздің қабырғамызды қайыстырды деп айтсақ артық болмайды. Енді осындай жағдайлардың қайталанбауы үшін барлық іс-шараларды жүзеге асыруымыз керек. Президентіміздің тиісті тапсырмасы бар. Тексеріс жүріп жатыр. Тексеріс нәтижесінде барлық жауапты адамдар, қызметкерлер жауапкершілікке тартылады деп сенеміз", - деді Сенат төрағасы.

 
Еске сала кетейік, 3 қарашада сағат 03.03-те Шахтинск қаласындағы "Арселор Миттал Теміртау" АҚ Көмір департаменті Ленин атындағы шахтада газды дренаж ұңғымаларын бұрғылау жұмыстарын жүргізу кезінде кенеттен газ бөлінді. Авариялық учаскеде болған бес адам қайтыс болды. Мәжіліс депутаты Үкіметке жазатайым оқиғалар жиі болатын кәсіпорын иесін ауыстыру мәселесімен айналысатын уақыт келді деп есептейді.
 
Ақпарат көзі: inform.kz
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны