16.12.2022, 09:09 14306

Қазақстанда Тәуелсіздік күні жаңа форматта тұңғыш рет аталып өтуде

Қазақстанда Тәуелсіздік күні жаңа форматта тұңғыш рет аталып өтуде
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды мерекемен құттықтады
 
Астана. 16 желтоқсан. KAZAKHSTAN TODAY - Бүгін, 16 желтоқсанда қазақстандықтар мемлекеттік мереке - Тәуелсіздік күнін атап өтуде. Бұл күні қазақстандықтар жұмыс істемейді.
 
Осы күні - 1991 жылғы 16 желтоқсанда Қазақстанның Жоғарғы Кеңесі республиканың тәуелсіздігі және мемлекеттік егемендігі туралы заң қабылдады.
 
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды мемлекеттік мерекемен құттықтады.
 

Құрметті отандастар! 1991 жылғы 16 желтоқсан - төл тарихымыздағы мерейлі белес. Бұл - егемен ел болуды аңсаған ата-баба арманы ақиқатқа айналған ұлы күн. Тәуелсіздік күнінің айрықша мән-мағынасы бар. Азаттық үшін арпалысқан ұлт перзенттерін ел жадында мәңгі сақтау - қасиетті парызымыз. Олардың отаншылдық қасиеті - бүгінгі және болашақ ұрпаққа әрдайым үлгі-өнеге", - делінген құттықтауда.

 
Ол Тәуелсіздік - баға жетпес байлық екенін және бәріміз оны көздің қарашығындай сақтауымыз керек екенін атап өтті. Мемлекетіміздің егемендігін, еліміздің амандығы мен жеріміздің тұтастығын қорғау - әр азаматтың қастерлі борышы.
 

Біз тамыры терең мемлекеттігіміздің маңызды белестерін ұлықтап, ұлтты ұйыстыратын ортақ құндылықтарды нығайта береміз. Сол арқылы қастерлі Тәуелсіздігіміздің тұғырын биіктете түсеміз", - деді Мемлекет басшысы.

 
Президент биыл еліміз үшін бетбұрысты жыл болғанын атап өтті. Бұрын-соңды болмаған сын-қатерлермен бетпе-бет келдік. Елдігімізге іштен де, сырттан да зор қауіп төнді. Дегенмен мызғымас бірлік пен ырыс-ынтымақтың арқасында барлық қиындықты еңсеріп келеміз.
 
Біз ауқымды саяси және экономикалық реформаларды қолға алып, мемлекетімізді жаңғыртудың жаңа кезеңіне қадам бастық. Бұл бастамаларды табысты жүзеге асыру - әрқайсымыздың қолымызда, деді Тоқаев.
 

Егемен елімізді одан әрі дамыту - алдымызда тұрған басты міндет. Біз осы жолда аянбай еңбек етуіміз қажет. Сонда ғана Қазақстан қуатты мемлекетке айналады. Баршаңызды бүгінгі ұлық мерекемен шын жүректен құттықтаймын! Сіздерге зор денсаулық, бақ-береке тілеймін! Қазақстанымыз өркендей берсін! Қасиетті Тәуелсіздігіміз мәңгі болсын!" - деп түйіндеді Президент.

 
Естеріңізге сала кетейік, биылдан бастап Тәуелсіздік күні тек бір күн - 16 желтоқсанда атап өтіледі.
 
16 маусымда алғашқы Ұлттық құрылтай барысында Қазақстан Президенті бұл мерекені Ұлттық қаһармандарын еске алу күні ретінде атап өтуді ұсынды.
 
16.12.2022, 15.25 толықтырылды
 
Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров телефон арқылы сөйлесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаевты және Қазақстан халқын Тәуелсіздік күнімен құттықтап, елімізге бейбітшілік пен бақ-береке тіледі, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
 
Мемлекет басшысы Қырғызстан Президентіне құттықтағаны үшін ризашылығын білдіріп, бауырлас қырғыз елімен көпжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ниетті екенін жеткізді.
 
Әңгімелесу барысында тараптар Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы стратегиялық серіктестіктің қарқынды дамуына көңілі толатынын атап өтті.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны