08.02.2023, 09:51 29831

Қазақстандықтар Түркиядан ТЖМ бортымен оралды

Олардың бәрі Газиантеп қаласында болған
Астана. 8 ақпан. KAZAKHSTAN TODAY - Қазақстандық құтқарушыларды бауырлас Түркияға жеткізген арнайы ұшақ қайтар жолда 16 отандасымызды елге алып келді.
 
Оған қоса Қырғызстан Республикасының екі азаматы да бар. Олардың бәрі Газиантеп қаласында болған. Арнайы борт түнде елорда әуежайына келіп қонды, деп хабарлайды "Хабар 24".
 
Асадулла Арыстанов Түркияға жұмыс бабымен барған. Алматылық кәсіпкер табиғи апат кезінде қонақ үйде тынығып жатқанын айтады. Түнгі сағат 04:00-те жердің қатты қозғалғанынан оянып, далаға жүгіріп шыққан. "Мұндай жойқын жер сілкінісін өмірімде бірінші рет көрдім", - дейді.
 

Түркияда өте қиын жағдай болып жатыр. Оларда қанша таныстарымыз бар. Бәрі үйлеріне баруға қорқады. Біз өзіміз гранд отелда жатқанбыз. сағат 4-6 кеткенде ояндық. Одан кейін қонақ үйге бармадық. Тек мына киімдерімізді алып шығатын кезде ғана бардық. Барсақ 4-5 этаж қатты повреждение болған. Жұмыс бабымен барғанбыз. Аяқ астынан осындай жағдайға түсіп отырмыз. 20-25 жылдан бері барып келіп жүрміз. Бірінші рет осындай жағдайға түсіп жүрміз. Мемлекетімізге көп алғыс", - деді кәсіпкер Асадулла Арыстанов.

 
Айбөбек Нарбекқызы да бірнеше жылдан бері Газиантеп қаласында тұрады. Жергілікті фабрикада қызмет ететін ол жер сілкінісі кезінде жұмыс орнын паналаған. Жойқын апат кезінде әріптесі ғимарат астында қалыпты.
 

Үй сілкінген кезде жүре алмай қалдық. Адым аттай алмай қалдық. Тынышталғанға дейін күттік. 2 минуттай қозғалды. Қабырғаларда сызық түсті. Кейбір ғимараттар вообще құлап кетті. Сол ғимараттың астында қалып кеткен менің коллегам бар. Сол бүгін кешке өлі денесін тапты. Түсінбейсің не боп жатқанын, екіншісінде қорқыныш. Өзіңнің өміріңе және жолдасыңның жақындарыңның өміріне. Үшіншісі соны қабылдайсың", - дейді Айбөбек Нарбекқызы.

 
Арнайы бортпен елге оралғандар қатарында студенттер де бар. Марина Фаргиева Түркияда оқып жүрген немересін көру үшін қыдырып барған. Апат кезіндегі қарбаласта бір немересі мертігіп қалыпты.
 

Жер сілкінісі кезінде жоғарғы қабаттан төмен қарай қашқанда немерем аяғын жарақаттап алды. Қазір балдақпен жүр. Бастысы аман шықтық. Үлкен немерем сол Түркияда дәрігер мамандығына оқиды. Екінші немереммен қонаққа барған болатынмын. Енді біздің билік өкілдерінің арқасында өз үйімізге аман-есен жетіп отырмыз. Бәріңізге рахмет!" - деді Марина Фаргиева.

 
Қазақстандық құтқарушылар мен дәрігерлерді Түркияға жеткізген арнайы бортпен 18 адам елге оралды. Оның екеуі Қырғыз азаматы. Бәрі Газиантеп қаласында болған.
 
 
Естеріңізге сала кетейік, 7,7 баллдық жер сілкінісі Түркияның оңтүстік-шығысында 6 ақпанда таңертең болған. Дүйсенбі күні түстен кейін тағы 7,6 баллдық жер сілкінісі болды.
 
Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоғанның айтуынша, жер сілкінісі 1939 жылдан бері ең күшті болды. Ол Түркияда апат құрбандарына жеті күндік ұлттық аза тұту туралы жариялады, ал апаттан зардап шеккен 10 провинцияда үш айға төтенше жағдай жарияланды.
 
Түркиядағы жер сілкінісі кезінде қаза тапқандар саны 5,8 мыңнан асады, жараланғандар саны 31 мыңнан асады.
 
Сондай-ақ, жер сілкінісі Сирияның Алеппо, Латакия, Хама және Тартус провинцияларына әсер етті. Сирияда жер сілкінісі салдарынан қаза тапқандар саны 1250-ге дейін өсті, екі мыңнан астам адам зардап шекті, деп хабарлайды РИА Новости.
 
Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі, алдын ала мәліметтер бойынша, қаза тапқандар мен зардап шеккендер тізімінде Қазақстан азаматтары жоқ екенін хабарлады.
 
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша, жер сілкінісінің салдарын еңсеруге көмек көрсету үшін Түркияның жер сілкінісінен зардап шеккен өңірлеріне 7 ақпан күні таңертең қазақстандық құтқарушылар мен дәрігерлер жолданды. Бұдан басқа, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке жойқын жер сілкінісі салдарынан зардап шеккен Түркия Республикасына шұғыл көмек ретінде 1 миллион доллар бөлуді тапсырды. Сонымен қатар Қазақстанның өкілетті органдары түрік тарапымен бірлесіп, зілзаланың зардабын жою үшін қосымша көмек көрсету мәселесін қарастырып жатыр.
 
ТЖМ мәліметтері бойынша, құтқару жасағы екі топқа бөлінді, олардың әрқайсысы қиын учаскелер - қираған тұрғын объектілерді тексеруде. Кинологиялық есептер іздеу жұмыстарына кірісті. Егер адам табылса, иттер тиісті белгі беріп, оларды үйінді арасынан шығарып алу жұмыстары басталады.
 

Жедел ақпарат бойынша, құтқарушылар үйінді астынан қайтыс болған адамның денесін шығарды. Мұнда құтқарушылар конструкцияларды бөлшектеп, іздеу жұмыстарын одан әрі жүргізу үшін үйінді астына түседі", - деп атап өтті ведомствода.

 
ҚР СІМ жедел желінің телефон нөмірін, сондай-ақ Түркиядағы ҚР консулдық мекемелерінің шұғыл байланыстарын жариялады.

ҚР СІМ
 
Ақпарат көзі: 24.kz
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны