10.12.2021, 20:54 194679

Ақмола облысында үздік мемлекеттік қызметшілер анықталды

Ақмола облысында үздік мемлекеттік қызметшілер анықталды
Сурет: gov.kz
КӨКШЕТАУ. 10 ЖЕЛТОҚСАН - Ақмола облысы ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай "Үздік мемлекеттік қызметші" атты облыстық онлайн-байқауы өтті, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY Ақмола облысы ішкі саясат басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Шараға облыстың аудандары мен қалаларынан мемлекеттік тілді кеңінен насихаттап жүрген 14 мемлекеттік қызметші қатысты.
 
Байқау мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту, мемлекеттік тілдің мәртебесі мен маңызын кеңінен насихаттау, мемлекеттік қызметшілер арасында қазақ тілін білу деңгейін көтеру мақсатында өткізілді.
 
Сайыс барысында үміткерлердің қазақ халқының салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарына байланысты алдын ала дайындаған бейнероликтері бағаланды. Келесі кезеңде қатысушылар өздерін таныстырып, мемлекеттік тілге қосқан үлесі туралы баяндаса, соңғы кезеңде мемлекеттік тілді білу деңгейін анықтау мақсатында қойылған еліміздің тарихы, ұлы тұлғалары, рәміздері бойынша тапсырмаларды қазақ тілінде әңгімелеп берді.
 

Бүгін облыс аумағындағы мемлекеттік қызметшілер арасында әр түрлі дарын иелері мен тіл білгерлері бар екені тағы бір дәлелденді. Қазақ халқының салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарына байланысты дайындаған бейнероликтері өте тартымды және сапалы дайындалған. Мен бұл байқауды жоғары дәрежеде өтті деп есептеймін", - деп өз ойымен бөлісті қазылар алқасының төрайымы, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Ақмола облысы бойынша филиалының аға әдіскері Дана Ахметжанова.

 
Конкурстың қорытындысы бойынша бірінші орынға Біржан сал ауданы Мамай ауылының әкімі Сәрсенбек Сүлейменов ие болды. Байқаудың жеңімпаздары мен қатысушылары дипломдар, алғыс хаттар және бағалы сыйлықтармен марапатталады.
 
Айта кетейік, өңірде ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына арналған шаралар жалғасуда.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны