29.07.2022, 15:54 22511

Air Astana-ға рейстерді кешіктіргені үшін айыппұл салынды

Жалпы биыл "Эйр Астана" компаниялар тобы рейстің кешігуі кезінде жолаушылардың құқықтарын бұзғаны үшін 9 189 000 теңге көлемінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Air Astana-ға рейстерді кешіктіргені үшін айыппұл салынды
Сурет: Depositphotos
НҰР-СҰЛТАН. 29 ШІЛДЕ - Азаматтық авиация комитеті "Қазақстанның Авиация әкімшілігі" АҚ-мен бірлесіп көптеген рейстердің кешігуіне және жолаушылардан түскен шағымдарға байланысты тексеруді жалғастыруда, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 

Тергеу барысында ағымдағы жылдың 5 маусымында "Эйр Астана" компаниялар тобына кіретін Fly Arystan әуетасымалдаушысының Алматы – Шымкент бағыты бойынша КС-7105 рейсі 15 сағат 10 минутқа кешіккені анықталды. Осы рейстің жолаушыларына ұшуды күту кезінде "Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 86-бабының 1-бөлігінде көзделген қызметтер, атап айтқанда, қонақ үйде орналастыру қызметтері дұрыс деңгейде көрсетілмеген", - деп хабарлады ААК баспасөз қызметі.

 
Осыған байланысты ағымдағы жылдың 28 шілдесінде, авиакомпанияға қатысты Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 567-бабының 2-бөлігімен әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасалып, оған сәйкес авиакомпанияға 1000 АЕК (3 063 000 теңге) көлемінде айыппұл салынды. Бұған дейін "Эйр Астана" компаниялар тобы ағымдағы жылдың 7 және 21 шілдесінде рейсті кешіктіру кезінде жолаушылардың құқықтарын бұзғаны үшін 1000 АЕК (3 063 000 теңге) көлемінде айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
 

Жалпы биыл "Эйр Астана" компаниялар тобы рейстің кешігуі кезінде жолаушылардың құқықтарын бұзғаны үшін 9 189 000 теңге көлемінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды", - делінген ведомство хабарламасында.

 
Қазіргі уақытта рейстің кешігуіне және жолаушылар құқықтарының бұзылуына байланысты тергеу жалғасуда, құқық бұзушылық фактілері анықталған жағдайда тасымалдаушылар Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес жауапкершілікке тартылады.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны