17.03.2023, 10:09 44446

Алматыда кезекті тұрғын үй кешенін салу үшін жүздеген көпжылдық ағаштар оталды

Сараптама ғимаратты нормадан жоғары салуды рұқсат етілген деп таныды
Алматыда кезекті тұрғын үй кешенін салу үшін жүздеген көпжылдық ағаштар оталды
Алматы. 17 наурыз. KAZAKHSTAN TODAY - Көпжылдық ағашты отап, орнына тұрғын үй салмақ болған компанияға тексеру жүргізіледі. Экологтардың айтуынша, құрылыс табиғатқа залал келтірген.

Бұған дейін Қазақфильм шағын ауданындағы мына тұрғын үй кешенінің маңы жасыл желекке толы саябақ болған. Бірақ 2 жыл бұрын мердігер компания мұнда кезекті көпқабатты ғимарат салуды ұйғарған, деп хабарлайды Almaty.tv.

Тұрғын үй саламыз деп құрылыс компаниясы 200-ден астам көпжылдық ағашты заңсыз отап тастады. Біз сот арқылы табиғатқа келген шығынды өтеп беруін талап етіп едік, 30-ға жуық тал отырғызып берді. Алайда мәселе мұнымен біткен жоқ. Олар бастапқы жобасында көрсетілгендей, 12 метрлік үй салуы керек еді. Бірақ биіктігі 22 метрге жететін ғимарат бой көтерді", - деді қала тұрғыны Елена Тесленко.


Мердігердің бұл әрекетіне наразы болған жергілікті тұрғындар мәселені айтып, құзырлы органға да жүгініпті. Алайда сот ешқандай заң бұзылмағанын айтты. Құрылысты жалғастырған компания арық салу үшін жасыл желекті аймаққа өзгеріс енгізбек болған. Түрғындардың айтуынша, көпжылдық ағаштарды отап, кейбіреуін тамырымен қазып алса, кейбірінің түбіне бетон құйып тастаған.


Ал мердігер компания бұл туралы тұрғындарға алдын ала ескертілгенін айтады. Өйткені, жоба бойынша бұл аумаққа қоршау салынуы қажет болған.

Бастапқыда 2 тұрғын үйдің ортасын бөліп тұратын жасыл желек салуды ұсынғанбыз. Алайда, тұрғындардың пікірі 2 бөлінді. Бір тарап күзде жапырақтар түсіп, айнала қоқысқа толатынын айтса, келесі тарап қарсы болмады. Енді көпшіліктің келісімімен қоршау салып жатырмыз", - деді құрылыс компаниясының өкілі Бақытжан Сабраев.


Ал экологтардың айтуынша, мұнда расымен де табиғатқа келген залал бар. Мәселенің ақ-қарасын анықтау үшін құзырлы мекемемен бірге тексеріс жүргізбекші.

Бұл мекен-жай бойынша ағаштарды кесу туралы өтініш түспеді. Сәйкесінше, біз ешқандай рұқсат қағазын бермедік. Шара қолдану үшін Алматы қалалық Полиция департаментіне жүгіндік. Дәл қазір нақты ештеңе айта алмаймыз. Бірақ жасыл желекке зиян келген", - деді Экология және қоршаған орта басқармасы бөлімінің бас маманы Нұрлан Сейтбеков.


Егер сараптама нәтижесі мердігер әрекетінен олқылық анықтаса, компания жарты жылдың ішінде оталған ағаштардың орнын толтыруға міндеттеледі. Бірақ залал көлемі еселеп өтеледі. Яғни, заңға сәйкес, 1 тал кесілсе, орнына елуі егіледі. Сондай-ақ бұл іске қатысты тексеруді сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет те қолға алмақ.

Тексеріс жұмыстарына сарапшы мамандарды жұмылдыру қажет. Біз бұл жағдайға қатысты материалдарды алдық. Енді құзырлы органдар мән-жайды анықтайды", - деді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қоғамдық кеңес мүшесі Айнұр Сәбитова.


Ал компания өкілі жобаның барлық қажетті тексерістен өткенін айтады. Бірақ мәселенің ақ-қарасы анықталғанша, мердігер тұрғын үй кешені құрылысын тоқтамайтынын жеткізді.

Естеріңізге сала кетейік, Алматыда белсенді құрылыс салдарынан Қызыл кітапқа енген көктемгі гүлдер жойылуда.

Ақпарат көзі: almaty.tv
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны