25.01.2021, 19:22 17543

Алматыда коронавирусқа қарсы вакцинация қалай жүргізілетіні айтылды

Алматы. 25 қаңтар. Kazakhstan Today - Мегаполистегі №4 қалалық емханасы бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Зарина Алтынбекова онлайн брифинг барысында Алматы қаласының емханаларында Спутник V вакцинасымен иммундауды жүргізу алгоритмдері туралы айтып берді.
 
Оның айтуыша, емхана ресейлік вакцинаны қабылдауға дайын.
 

Біздің емханада 460 адам жұмыс істейді, оның ішінде 270 адамды екпемен қамту жоспарланған. Вакцинация жасау үшін емханада екі егу бөлмесі, 2 дәрігер, екі мейірбике және екі тіркеуші дайындалған. Егу бөлмесі санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сай", - дейді дәрігер.

 
Сонымен қатар, ол вакцина салудың бірінші кезеңінде, яғни 1 ақпаннан бастап кімдерге екпе салынатынын айтты.
 

1 ақпаннан бастап инфекциялық аурулардың жедел медициналық көмек, реанимация бөлімшесі, қабылдау бөлімшесінің қызметкерлері, санэпид қызметкерлері алады. Екінші кезең бойынша 2 наурыздан бастап екпе салынады. Ол кезде жалпы білім беретін мектеп, жоғары және арнаулы орта білім беретін оқу орындарының мұғалімдері, медициналық қызметкерлерге екпе салынады", - дейді Зарина Алтынбекова.

 
Үшінші кезең бойынша екпе 1 сәуірден бастап салынады.
 

Ол кезде мектеп-интернат мұғалімдері, мектепке дейінгі мекеме қызметкерлері, студенттер мен созылмалы ауруы бар науқастарға салынады. 1 ақпанға дейін суық тізбекті сақтай отырып (өндірушіден тұтынушыға дейін) вакцинаның емханаға түсуі жоспарлануда. Вакцинаны тасымалдау және сақтау үшін емханада жеткілікті мөлшерде мұздатқыш камералар мен хладоэлементтерімен термоконтейнерлер бар", - дейді спикер.

 
Дәргердің айтуынша, Қазақстанда коронавирусқа қарсы вакцинация мемлекет есебінен жүргізіледі. Яғни, тегін.
 

Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы Кодекске сәйкес әрбір азамат жазбаша түрде вакцинациядан бас тартуға құқылы. Вакцинация екі кезеңде жүргізіледі: I компонентімен 0,5 мл дозада, содан кейін 21-ші күні II компонентімен 0,5 мл дозада. СОVID-19-ға қарсы вакцинацияны 18 жастан асқан ересектерде СОVID-19-ға қарсы вакцинация жүргізуді жүзеге асыратын медицина қызметкерлерінің іс-қимыл Алгоритмі бойынша ерікті келісімімен медициналық қарсы көрсетілімдері жоқ азаматтарға жүргізеді", - дейді ол.

 
Қолдануға қарсы көрсеткіштер:
 
- құрамында осыған ұқсас компоненттері бар вакцинаның немесе вакцинаның қандай да бір компонентіне аса жоғары сезімталдық;
 
- анамнездегі ауыр аллергиялық реакциялар;
 
- жіті инфекциялық және инфекциялық емес аурулар, созылмалы аурулардың өршуі;
 
- жүктілік және емшек емізу кезеңі;
 
- 18 жасқа дейінгі жасқа.
 
Сонымен қатар, ол вакцинация жүргізудің шарттарын атады.
 

Ең алдымен емханаға жүгіну қажет, пациенттің сауалнамасын толтыру және ақпараттандырылған ерікті келісім беру қажет. Оң эпидемиологиялық анамнез болған кезде (соңғы 14 күн ішінде инфекциялық аурулармен ауыратын науқастармен байланыс), сондай-ақ соңғы 14 күн ішінде ауру белгілері болған кезде SARS-Соv-2 коронавирусының болуына ПТР-тестілеу жүргізіледі", - деді дәрігер.

 
Айта кетейік, СОVID-19 ауырып жазылған адамдар және SARS-Соv-2 вирусына G және М класты иммуноглобулиндердің болуына оң нәтижелері бар адамдар егілмейді.
 
Вакцинацияға дейін дәрігердің міндетті тексеруі жүргізіледі. Дәрігерлер пациентке вакцинациядан кейінгі асқынулар туралы ескертеді және ақпараттық материалмен жадынама береді. Вакцинациядан кейін пациент 30 минут бойы медициналық персоналдың бақылауында болуы тиіс.
 
Келесі үш күн ішінде қысқа мерзімді жалпы (тұмауға ұқсас синдром, дене қызуының көтерілуі, дімкәстік, бас ауыруы) және жергілікті реакциялар (инъекция орнындағы ауырсыну, ісіну) дамуы мүмкін.
 
II кезең алдында қайта тексеру жүргізіледі. Дәрігер II компонентімен вакцинацияға қарсы көрсетілімдердің болмауын немесе болуын анықтайды.
 
Еске салсақ, Қазақстанда коронавирусқа қарсы вакцина салу 1 ақпаннан басталады.

Ақпарат көзі: inform.kz
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны