11.03.2021, 14:28 13296

Алматыдағы дәріханалардан сұранысқа ие дәрі-дәрмектер жоғалып кетті

Алматы. 11 наурыз. Kazakhstan Today - Алматыдағы дәріханаларда ең қажетті дәрі-дәрмектер жоғалып кетті.
 
Алматыда қан сұйылтатын Кардиомагнил мен Курантил тапшы. Сондай-ақ респираторлық жүйе мен тыныс алу жолдарын емдейтін Эсперал препаратын да таба алмайсыз, деп хабарлайды "Хабар 24".
 
Дәрі іздеп сабылған жұртқа провизорлар басқасын ұсынып әлек. Ал дәріхана иелері бұған денсаулық министрлігін кінәлайды. Себебі бекітілген шекті баға қай тарапқа болсын тек шығын әкеледі деп налиды. 
 
Соңғы жылдары елімізде жүрек қан тамыры аурулары дендеп барады. 
 
Оны дәрігерлер талмай айтып келеді. Дерттің алдын алған бір бөлек. Ал ауыра қалсаң маман айтқан дәл сол дәріні тауып ішудің өзі бір мұң болып тұр. Себебі Алматы дәріханаларында Кардиомагнил мен Курантил жоқ. 
 

Кардиомагнил бір айдан бері жоқ. Біз дистрибьютерлермен жұмыс істейміз. Олар жоқ деген соң тапсырыс бере алмай отырмыз. Курантилдің соңғы 5 қорабын қараша айында саттық. Содан кейін әкелмеді. Ал Эреспалдың болмағанына бір жыл. Көбіне Кардиомагнил сұрайды жұрттың бәрі. Оның орнына Тромбо АСС, Годасал, Тромбопол алып көріңіз дейміз", - дейді дәріхана меңгерушісі Нәйлә Ибрагимова.

 
Алматы дәріханаларының көбінде осындай жағдай. Бұрын Кардиомагнил бағасы бөлшек саудада мөлшеріне қарай 1450-2100 теңге аралығында болған. Денсаулық министрлігі шекті бағаны 1369 теңге деп бекітті. Осыдан кейін дистрибьютерлер шығынға батамыз деп оны әкелуді азайтқан. 

 
БЛИЦ: 
 
- "Бар үмітіміз министрде. Нақты бір шаралар қолданатын шығар енді. Жүрек қан тамырына шалдыққан адамдарға қиын. Бәрі жақсы біледі. Бізде бұл аурудан өлім-жітім өте көп".
 
– "Кардиомагнил жоқ. Шынымды айтсам, дәріхана көре қалсам болды, кіріп сұраймын. Екі ай болды таппадым. Ешкім себебін де ашып айтпайды". 
 
– "Дәрілер неге жоқ болып кетті. Түсініксіз. Мен сатып алатынмын. Өйткені, дәрігер күнде қабылдаңыз деп кеңес берген". 
 
Ал денсаулық сақтау министрлігіндегілер COVID-19-ға қарсы шараларды негізге ала отырып, 370 түрлі дәрі-дәрмекке шекті баға қойғандарын айтып отыр. Оның қатарында Кардиомагнил мен Курантил де бар. 
 

Алматыға келетін болсақ. Ол бар. Барлық дәріханада бар деп айта алмаймыз. Кардиомагнилдің аналогтары бар. Өте көп. Тромбо АСС, Аспипирин Кардио дейміз. Егер Кардиомагнил жоқ болған жағдайда дәрігерге хабарласа отырып, оның басқа түрін ішуге болады. Ал басқа препараттардың жоқ болу себебі маркетингке байланысты болуы мүмкін. Бір препарат нарықтан кетіп орнына басқасы келіп жатады. Уақытша тіркеуі болмай қалса да, болмай қалуы мүмкін", - деді ҚР ДСМ Медициналық-фармацевтикалық бақылау комитеті төрағасының орынбасары Нұрлыбек Асылбеков.

 
Әзірге алматылықтардың Кардиомагнил мен Курантилдың баламасын іше тұрудан басқа амалы жоқ, деп хабарлайды "Хабар 24".
 
Ақпарат көзі: 24.kz
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны