13.05.2021, 21:04 12315

Алматыда жасыл саябағының жойылуына байланысты жанжал туындады

Достық даңғылының бойындағы бұл аумақ қазір көпқабатты тұрғын үй салу үшін қоршалған.
АЛМАТЫ. 13 МАМЫР - Алматыда орман саябағының жойылуына байланысты тағы бір жанжал туындады.
 
Достық даңғылының бойындағы бұл аумақ қазір көпқабатты тұрғын үй салу үшін қоршалған, деп хабарлайды "Хабар 24" тілшісі.
 
Құзырлы мекемелер тарапынан құрылысқа рұқсат берілген. Алайда көк түтіннен көз ашпайтын мегаполистің негізгі тынысы саналатын жасыл желектің сұрауы кімде? 
 
Мына суретте акушерлік және гинекология институты жанындағы жасыл аймақ анық көрінеді. Бір кездері бұл жерде қалың ағаш пен субұрқақ болған. Алайда мұнда бұрын саябақ болғанына сену қиын. Айналасы қоршалған жерде ағаштардың кесіліп жатқаны туралы қала тұрғындары әлеуметтік желіде жариялады.
 
Қалалық жасыл экономика басқармасының мәліметінше, аталған аймақта ағаштарды кесуге ешқандай рұқсат берілмеген. Есесіне, компанияның құрылыс жүргізуге рұқсат құжаты бар.
 

Жер телімі қазір жекеменшікке тиесілі. Мемлекеттік қызмет көрсету бойынша біздің басқарма құрылыс жүргізуге рұқсат берген. Бұл жерге биіктігі 12 метрден аспайтын көппәтерлі тұрғын үй кешені салынады. Қаланы дамыту бас жоспары бойынша үйдің эскиздік жобалары регламентке сәйкес келеді. Сондықтан рұқсат құжаттары берілді", - деді Алматы қ. Медеу ауданының сәулетшісі Алмас Манияров.

 
Табиғат жанашыры Тимур Елеусізов қалада құрылыс салуға жоспарланған жер телімдеріне қоғамдық аудит жасалуы тиіс дейді. Сонда ғана құрылыстың қаншалықты заңға сәйкес жүргізіліп жатқаны белгілі болады. 
 

Сараптама жасалуы керек, ағаштарды кесуге, сондай-ақ басқа да рұқсат құжаттар рәсімделуі керек. Нақты осы нысан бойынша айтар болсам, қалалық Жасыл экономика басқармасы соңғы алты жылда бұл жердегі ағаштарды кесуге ешқандай рұқсат бермеген", - деді Eco Fund Tabigat қорының төрағасы Тимур Елеусізов.

 
Қаладағы жасыл желектерді күтіп-ұстау мен қорғау ережесіне сәйкес, жеке тұрғын үй құрылысын жүргізушілерден басқа, барлық мақсаттағы жер телімдеріндегі ағаштарды кесу үшін ресми рұқсат болу керек. Ал көпқабатты үй салу жоспарланған аумаққа бұл ереженің күші жүрмейтін сынды.
 
Ақпарат көзі: 24.kz
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны