12.04.2021, 20:47 10453

Алматыда ұжымдық дұғалар оқылмайды

АЛМАТЫ. 12 СӘУІР - Пандемияға байланысты мұсылмандар үшін қасиетті Рамазан айында мешіттерде жамағатпен намаз оқылмайды. Бұл туралы онлайн брифинг барысында қаланың бас имамы Еркінбек Шоқай айтты.
 
Алматының бас имамы Еркінбек Шоқай мұсылман қауымын келе жатқан қасиетті Рамазан айымен құттықтады.
 

Біздің халқымыз ежелден Рамазанды ерекше қастерлеп: "Он екі айдың сұлтаны", - деп атаған. Берекесі мол айда жарамазан жырын айтып, оразаның келгенін қуанышпен жеткізіп, насихаттаған", - деді Еркінбек Шоқай.

 
Имам қала мешіттерінде жамағатпен тарауық намазы оқылмайтынын тілге тиек етті.
 

Алғашқы тарауық намазы бүгін оқылады. Биыл да қаламыздағы эпидахуалдың күшеюіне байланысты мешіттерде жамағатпен тарауық намазы оқылмайды", - деді қаланың бас имамы Еркінбек Шоқай.

 
Спикер, әркім тарауық намазын өз шаңырағында отбасы мүшелерімен оқуына кеңес берді. Біз осылай оқшаулану арқылы жұқпалы індетті жеңеміз.
 
Айта кетейік, 2021 жылдың қасиетті Рамазан айы 13 сәуірде басталып, 12 мамырда аяқталады.
 
8 мамырдан 9 мамырға қараған түн - қасиетті Қадір түні. 13 мамыр - Ораза айттың бірінші күні. 
 
Сондай-ақ, Рамазан айында айтылатын уағыз-насихат, сұрақ-жауап жұмыстары онлайн режимде өтеді. 
 

Қаламыздағы танымал қарилар онлайн Құран хатым оқиды. Әлеуметтік желідегі Азан.кз парақшасы арқылы күнделікті сағат 14.00-де онлайн қатысуға болады. Рамазан айында 8 (727) 329 0966, 8 700 719 7622 байланыс телефондары арқылы Алматы Орталық мешітінің Пәтуа Call-орталығы тұрғындардың сұрақтарына жауап беріп отырады", - деді имам.

 
Сонымен бірге, Еркінбек Шоқай қасиетті айда қайырымдылық жасап, сауап алуды ниет еткен жандар "Берекелі Рамазан тосынсыйы", "Ауыз ашар қоржыны" атты акция аясында ауызашар қораптарын еріктілер немесе мешіт қызметкерлері арқылы көмекке мұқтаж азаматтардың үйлеріне жеткізілетінін айтты.
 
Сонымен бірге, қасиетті айда "Рамазан керуені" атты қайырымдылық іс-шарасы ұйымдастырылады.
 

Намаз оқып үйренейік", "Құран оқып үйренейік", "Қош келдің, Рамазан", "30 күнге 30 уағыз", "Бас имам мінбері" айдарымен қала мешіттерінің әлеуметтік парақшаларында онлайн дәрістер мен мешіт жамағаты арасында "Раббым, білімімді арттыр" сынды интелектуалды білім сайыстары өтеді", - деді қаланың бас имамы.

 
Спикер шариғат және пәтуа бөлімі биылғы пітір садақа көлемін 420 теңге етіп бекіткенін атап өтті. Бұл еліміздегі 2 келі ұнның орташа бағасына сай. Сонымен қатар пітір садақасын мейізбен берем дегендер үшін 3580 теңге, құрмамен есептесе 7 300 теңге. Ораза ұстауға денсаулығы жарамайтын және үлкен жастағы қарт кісілерге оразасы үшін фидия құны 2500 теңге деп бекітілді.
 

Пітір садақасын мешіттерге келіп берумен қатар, Каспи.кз қосымшасы арқылы да беруге болады. Қала мешіттерінде Каспий QR қойылды", - деп ақпараттандырды имам. 

 
Сонымен қатар, спикер коронавирусқа қарсы вакцина мен ПТР-тест тапсыру оразаны бұзбайтынын түсіндірді.
 
Е. Шоқайдың айтуынша, егер зат (сұйықтық) адам ағзасына ауыз немесе мұрынмен асқазан-ішек жолдары арқылы түсетін болса, ораза бұзылады. Ал вакцина инъекция жолымен енгенде ораза бұзылмайды. Сондықтан ковидке қарсы екпе салдыру оразаны бұзбайды.
 

Вакциналау инфекциялық аурулардың алдын алады және адамның иммунитетін көтереді. Вакцина дәрумен емес. Сол себепті екпе терінің астына, бұлшық етке немесе қан арқылы енгізілсе, ораза бұзылмайды", - деді Алматы мешітінің бас имамы.

 
Е. Шоқай дәруменге жатпайтын, тек емдеу мақсатында қолданылатын инъекцияларға рұқсат берілгенін айтты.
 
Сонымен бірге, имам ПТР-тестілеуден өту жайлы журналистің сұрағына жауап берді. Е. Шоқай бұл медициналық процедураның оразаны бұзбайтынын айтты.
 
Ақпарат көзі: inform.kz
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны