16.03.2021, 19:47 11413

Қазақстан халқы 19 млн адамға жақындап келеді

2021 жылғы 1 ақпанға еліміздегі халық саны 18 897,9 мың адамды құрады.
Нұр-Сұлтан. 16 наурыз. Kazakhstan Today - 2021 жылғы 1 ақпанға еліміздегі халық саны 18 897,9 мың адамды құрады, оның ішінде қалалықтар –11 169,7 мың (59,1%), ауылдықтар –7 728,2 мың адам (40,9%), деп хабарлайды Kazakhstan Today ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
2020 жылғы 1 ақпанмен салыстырғанда халық саны 244,4 мың адамға немесе 1,3% өсті.
 

2021 жылғы қаңтарда республика халқының табиғи өсімі 2020 жылғы қаңтармен салыстырғанда 821 адамға немесе 3,6% кеміп, 216,8 мың адамды құрады. Табиғи өсімнің жалпы коэффициенті 1000 адамға шаққанда 13,44 адамды құрады. АХАТ органдары ұсынған азаматтық хал актілері жазбаларындағы мәліметтерді өңдеу нәтижесінде, 2021 жылғы қаңтарда туылғандар саны 34,2 мың адамды құрады, бұл 2020 жылғы қаңтарға қарағанда 0,6% аз. Туудың жалпы коэффициенті 1000 адамға 21,17 туылғандарды құрады", - деп хабарлады ведомствода.

 
Қарастырылып отырған кезеңде қайтыс болғандар саны 12,5 мың адамды құрады, бұл 2020 жылғы қаңтарға қарағанда 5,1% көп. Өлім-жітімнің жалпы коэффициенті 1000 адамға 7,73 қайтыс болғандарды құрады.
 
2021жылғы қаңтарда республикада 1 жасқа дейін шетінеген 241 (2020 жылғы қаңтарда–306) нәресте тіркелді. 2020 жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда 1 жасқа дейін шетінеген нәрестелер саны 21,2% азайды. 2021жылғы қаңтарда нәресте өлім-жітімінің коэффициенті 1000 туғандарға шаққанда 7,06 (8,90) оқиғаны құрады.
 

Көші-қон қызметі органдары ұсынған мәліметтерді өңдеу нәтижесінде, 2021 жылғы қаңтарда елімізге тұрғылықты тұруға келгендердің тіркелу саны 2020 жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 57,8% азайып, 626 адамды құрады. Елімізден кеткендердің тіркелу саны 43% азайып, 1 535 адамды, көші-қонның айырымы -909 адамды құрады. Еліміздегі негізгі көші-қон алмасуы ТМД мемлекеттерімен өтуде. ТМД елдерінен келгендердің және сол елдерге кеткендердің үлесі 81,9% және тиісінше 84,8% құрады. Ел ішінде қоныс аударатын көшіп-қонушылар саны 19,1%-ға кеміді. Өңіраралық қоныс аудару бойынша халық көші-қонының оң айырымы еліміздің 4 өңірінде байқалды: Маңғыстау (90 адам) облысында және Нұр-Сұлтан (2 202 адам), Алматы (3 223 адам) және Шымкент (3 060 адам) қалаларында", - делінген хабарламада.

 
Бұдан бұрын хабарланғандай, 2020 жылы Қазақстанда өлім-жітім мен туу көрсеткіші бойынша рекордтар тіркелді.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны