12.04.2021, 20:03 9458

Қазақстан Премьер-Министрі вакциналау кестесінің орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды

Сәуір айында, сондай-ақ мамыр мен маусым айларында жоспар бойынша ай сайын 2 млн адамды вакциналау қажет.
НҰР-СҰЛТАН. 12 СӘУІР - ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында елдегі санитарлық-эпидемиологиялық ахуал қаралды, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру және вакцина алатындардың санын арттыру бойынша алдымызға нақты міндет қойды", — деді А. Мамин.

 
Премьер-Министр әкімдерге эпидемиологиялық жағдайға байланысты жедел шектеу шараларын қабылдауды, барлық емдеу мекемелерін дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдардың қажетті көлемімен толық қамтамасыз етуді, санитарлық нормалар мен маска тағу режимін сақтауды күшейтуді тапсырды. Денсаулық сақтау министрлігі мен әкімдіктерге төсек орын қорының толық дайындығын қамтамасыз ету, сондай-ақ қоғамдық орындарды, оның ішінде сауда орталықтарын пайдалана отырып вакциналаудың қолжетімділігін қамтамасыз ету тапсырылды.
 

Вакциналау кестесін қатаң сақтау керек. Сәуір айында, сондай-ақ мамыр мен маусым айларында жоспар бойынша ай сайын 2 млн адамды вакциналау қажет", — деді А. Мамин.

 
Денсаулық сақтау, Ақпарат және қоғамдық даму министрліктеріне әкімдіктермен бірлесіп вакциналаудың маңыздылығы туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын одан әрі жүргізу тапсырылды.
 

Қоғам санитарлық нормаларды сақтау мен вакциналау пандемияның таралуын тоқтатуға мүмкіндік беретінін түсінуі керек", — деп атап өтті А. Мамин.

 
Республика бойынша вирустың репродуктивтік көрсеткіші 1,15 құрайды. Инфекциялық төсек орындарының жүктемесі 41%, реанимациялық төсек орындары – 27% құрайды. 
 
Қазіргі уақытта COVID-19 таралу қарқыны бойынша Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары, Батыс Қазақстан, Алматы, Атырау, Ақтөбе, Ақмола және Қарағанды облыстары "қызыл аймақта" тұр. Шығыс Қазақстан және Түркістан облыстарын қоспағанда, қалған барлық өңірлер – "сары аймақта".
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны