18.11.2021, 20:20 23117

Қазақстанда 16 мыңнан астам шетелдік азамат еңбек қызметін атқаруда

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жыл сайын республикаға шетелдік мамандарды тартуға квота белгілейді.
Қазақстанда 16 мыңнан астам шетелдік азамат еңбек қызметін атқаруда
НҰР-СҰЛТАН. 18 ҚАРАША - 16 мыңнан астам шетелдік азамат Қазақстанда еңбек қызметін атқаруда. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жыл сайын республикаға шетелдік мамандарды тартуға квота белгілейді, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 

2021 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша 16 059 шетелдік азамат жергілікті атқарушы органдардың рұқсаты бойынша Қазақстан Республикасының аумағында еңбек қызметін жүзеге асыруда", - деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.

 
Шетелдік жұмыс күшін (ШЖК) тартуға берілген рұқсаттардың ішінде мынадай санаттар бар: бірінші санат – 647 (басшылар және олардың орынбасарлары), екінші санат – 3 222 (құрылымдық бөлімшелердің басшылары). 
 
Тартылған ШЖК-нің негізгі бөлігі үшінші (мамандар) және төртінші (білікті жұмысшылар) санаттарға жатады – тиісінше 7 746 адам және 718 адам. Сондай-ақ маусымдық жұмыстарға – 1 769 адам, ал корпоративтік ауыстыру шеңберінде – 1 957 адам тартылған.
 
Қазіргі уақытта Қазақстанда ШЖК пайдаланатын 1 739 жұмыс беруші бар. Оларда шамамен 458 мыңнан астам Қазақстан азаматтары жұмыс істейді, бұл жалпы жұмысшылар санының 97%-ын құрайды.
 
Еңбекші мигранттар шығатын негізгі елдер келесі: Қытай – 4 068 адам, Түркия – 2 069 адам, Өзбекстан – 1 782 адам, Үндістан – 1 212 адам, Ұлыбритания – 1 047 адам.
 
Естеріңізге сала кетейік, ішкі еңбек нарығын қорғау мақсатында, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жыл сайын елімізге шетелдік мамандарды тартуға арналған квота белгілейді. 2021 жылы квота мөлшері жұмыс күшіне шаққанда 0,31%-ды немесе 29,3 мың бірлікті құрады.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны