09.11.2021, 20:15 58928

Қазақстанда қашықтықтан оқыту ережелері өзгерді

Қазақстанда қашықтықтан оқыту ережелері өзгерді
Сурет: ашық көздерден
НҰР-СҰЛТАН. 9 ҚАРАША - ҚР Білім және ғылым министрінің 2021 жылғы 3 қарашадағы бұйрығымен қашықтықтан білім беру технологиялар бойынша оқу процесін ұйымдастыру қағидаларына өзгерістер енгізілді, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Құжатқа сәйкес, Қашықтан оқытуды ұсыну үшін бастауыш, негізгі, жалпы орта және қосымша білімнің оқу бағдарламаларын, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына мынадай талаптар белгіленеді:
 
1) оқу қызметін ұйымдастыру үшін Интернет желісіне қосылуды қамтамасыз ететін телекоммуникациялық арналардың болуы;
 
2) ақпараттық ресурстарға, цифрлық ресурстарға жедел қол жеткізу құралдарының болуы;
 
3) білім алушылар үшін оқу-әдістемелік, ұйымдық-әкімшілік ақпаратты, бейнесабақтарды қамтитын ақпараттық жүйенің болуы;
 
4) "Орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының педагогтері жүргізу үшін міндетті құжаттардың тізбесі және олардың нысандарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 6 сәуірдегі № 130 бұйрығына (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 20317 болып тіркелген) сәйкес
 
электрондық журналдар мен күнделіктер жүйесіне қосылу;
 
5) білім беру ұйымдарының педагогтерінде ақпараттық технологиялар бойынша курстарынан өткендігі туралы сертификаттардың болуы;
 
6) оқу процесін цифрлық білім беру ресурстарымен қамтамасыз ету; 
 
7) білім беру ұйымдарында пайдаланылатын бағдарламалық-аппараттық кешенге және қолданбалы бағдарламалық қамтамасыз етуге қойылатын ұсынылған ең аз талаптардың сақталуы.
 
Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына қашықтан оқытуды ұсыну үшін мынадай талаптар белгіленеді:
 
1) қашықтан оқытуды үздіксіз ұйымдастыру үшін ақпараттық-технологиялық инфрақұрылымның болуы: тұрақты желілік қосылыс, серверлік жабдық, деректерді сақтау жүйесі және киберқауіпсіздік жүйелері, Интернет желісіне қосылуды қамтамасыз ететін коммуникациялық байланыс арналары, білім алушылар жеке басын идентификациялау үшін аутентификация жүйелері, онлайн прокторингі және көшірулерді анықтау жүйесінің жұмыс жасауы;
 
2) веб-сайтты, ақпараттық-білім беру порталын, кредиттік оқыту технологиясын қамтамасыз етудің автоматтандырылған жүйесін, ақпараттық-білім беру ресурстарының жиынтығын қамтитын білім беруді басқарудың ақпараттық жүйесінің, оның ішінде оқытуды басқару платформасының жұмыс істеуі;
 
3) ISO/IEC 27001, ISO/IEC 27002 халықаралық стандарттарына сәйкес әзірленген Білім беру ұйымының қауіпсіздік саясаты негізінде жүйелердің ақпараттық қауіпсіздігін және деректерді қорғауды қамтамасыз ету;
 
4) оқу үрдісін цифрлық білім беру ресурстарымен, онлайн-курстардың жұмыс істеуін қамтамасыз ету (курстың құрылымдалған дизайны, оқытудың қалыптастырылатын нәтижелерінің картасы, бағалау жүйесінің ерекшелігі, бағалау көрсеткіштері мен өлшемшарттарының сипаттамасы);
 
5) білім алушылардың оқу, анықтамалық және әдістемелік материалдарды орналастыра отырып, білім беру порталы мен ақпараттық жүйелерге, сондай-ақ тестілеу жүйесі мен ашық электрондық ресурстарға, көздерге қол жеткізуін қамтамасыз ету;
 
6) білім беру қызметтерін ұсыну бойынша цифрлық сервистердің болуын қамтамасыз ету: оқу сабақтары мен білім алушылардың оқу жетістіктерін бақылаудың барлық түрлерінің электрондық кестесі, электрондық кітапхана, электрондық құжат айналымы, жатақханадан орын алуға онлайн-тіркелу;
 
7) ерекше білім беру қажеттіліктері бар білім алушылар үшін қашықтан оқыту жағдайларын қамтамасыз ету;
 
8) сапаны ішкі қамтамасыз ету жүйесіне сәйкес білім беру қызметтерінің сапасын бақылау жүйесінің болуы.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны