23.08.2022, 14:52 18481

Қазақстанда ірі өнеркәсіптік кәсіпорындарда эмиссиялар мониторингінің автоматтандырылған жүйесі енгізіледі

Аталған шара әрбір кәсіпорынның зиянды қалдықтары туралы жедел әрі шынайы ақпарат алуға бағытталған.
Қазақстанда ірі өнеркәсіптік кәсіпорындарда эмиссиялар мониторингінің автоматтандырылған жүйесі енгізіледі
НҰР-СҰЛТАН. 23 ТАМЫЗ - Келесі жылдан бастап ірі өнеркәсіптік кәсіпорындарда эмиссиялар мониторингінің автоматтандырылған жүйесін енгізу қажеттігі туралы норма күшіне енеді, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 

"Жасыл Қазақстан" ұлттық жобасының негізгі мақсаты - атмосфералық ауаның ластануын азайту, қалдықтарды, су ресурстарын және орман шаруашылығын басқару жүйесін жетілдіру. Қоршаған ортаны жақсарту үшін 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап ірі кәсіпорындарда эмиссиялар мониторингінің автоматты жүйесін енгізу қажеттілігі туралы норма күшіне енеді. Аталған шара әрбір кәсіпорынның зиянды қалдықтары туралы жедел әрі шынайы ақпарат алуға бағытталған. Сондай-ақ бұл норма кәсіпорындарға мониторинг жүргізіп, атмосфераға шығатын зиянды қалдықтар деңгейі асып кеткен жағдайда жедел шаралар қолдануға мүмкіндік береді", — деді Үкімет отырысы барысында ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов.

 
Сонымен қатар, ол Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, 5 жыл ішінде 2 млрд түп ағаш отырғызу туралы ауқымды жоба іске асырылып жатқанын еске салды.
 

2021 жылы 66 мың гектар алаңға шамамен 138 млн ағаш отырғызылды. Алайда, биыл Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарында қаржыландыру аз болғандықтан, жоспарлы көрсеткіш орындалмай қалуы мүмкін", - деді Премьер-Министр.

 
Үкімет басшысы өткен жылдан бері экологиялық төлемдер экологиялық ахуалды жақсарту шараларына бағытталуы тиіс деген норма қолданылып жатқанын атап өтті. 
 

Ол үшін Экология министрлігі әкімдіктермен бірге әрбір өңір бойынша экологиялық жағдайды жақсарту үшін іс-шаралар жоспарын әзірлеуі керек", — деді Әлихан Смайылов.

 
Премьер-Министр Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Қаржы, Экология, геология және табиғи ресурстар министрліктеріне ірі елді мекендерде тұрмыстық қатты қалдықтар полигондарын салу үшін жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеуге қаражат бөлу мәселесін пысықтауды тапсырды. 
 
Ол Экология министрлігіне ірі өнеркәсіптік кәсіпорындарда эмиссиялар мониторингінің автоматтандырылған жүйесін енгізуді ерекше бақылауға алуды тапсырды.
 

Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарының әкімдіктері Қаржы министрлігімен бірлесіп, ағымдағы жылы жоспарланған ағаш отырғызу көлемін қаржыландыру мәселесін пысықтасын", - деп тапсырды Смайылов.

 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны