17.02.2023, 10:09 51181

Қазақстанда оқу жылын аяқтау және емтихандарды өткізу мерзімі белгіленді

Пікір білдірушілердің басым көпшілігі оқу жылының ұзартылуы мен каникулдардың қысқартылуына қарсы шықты
Қазақстанда оқу жылын аяқтау және емтихандарды өткізу мерзімі белгіленді
Астана. 17 ақпан. KAZAKHSTAN TODAY - Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі "2022-2023 оқу жылын аяқтау және орта білім беру ұйымдарында білім алушыларды қорытынды аттестаттаудан өткізу мерзімдерін бекіту туралы" бұйрықтың жобасын әзірледі, деп хабарлайды Ашық НҚА сайты.

Бұйрыққа сәйкес, орта білім беру ұйымдарында оқу сабақтарының аяқталуы - 2023 жылғы 31 мамыр.

9 (10) сыныптарда білім алушылардың қорытынды бітіру емтихандары - 2023 жылғы 2-13 маусым аралығында; 11 (12) сыныптарда білім алушылардың мемлекеттік бітіру емтихандары - 2023 жылғы 5-19 маусым аралығында.

Қорытынды аттестаттауды өткізудің мынадай мерзімдері бекітілді:

  • 9 (10)-сынып оқушылары үшін:

1) қазақ/орыс тілі және өзбек/ұйғыр/тәжік тілінде білім беретін мектептер үшін ана тілі (оқыту тілі) бойынша эссе нысанында жазбаша емтихан, гуманитарлық цикл пәндерін тереңдетіп оқытатын мектеп білім алушылары үшін жазбаша жұмыс (мақала, әңгіме, эссе) - 2023 жылғы 2 маусым;

2) математика (алгебра) бойынша жазбаша емтихан (бақылау жұмысы) - 2023 жылғы 6 маусым;

3) орыс/ өзбек/ ұйғыр/ тәжік тілінде оқытатын сыныптарда қазақ тілі мен әдебиеті бойынша жазбаша емтихан (мәтінмен жұмыс, мәтін бойынша тапсырмаларды орындау) және қазақ тілінде оқытатын сыныптарда орыс тілі мен әдебиеті бойынша жазбаша емтихан (мәтінмен жұмыс, мәтін бойынша тапсырмаларды орындау) - 2023 жылғы 9 маусым;

4) таңдау пәні бойынша жазбаша емтихан (физика, химия, биология, география, геометрия, Қазақстан тарихы, дүниежүзі тарихы, әдебиет (оқыту тілі бойынша), шет тілі (ағылшын/француз/неміс), информатика) - 2023 жылғы 13 маусым;

  • 11 (12) сынып оқушылары үшін:

1) қазақ/орыс тілі бойынша және өзбек/ұйғыр/тәжік тілінде білім беретін мектептер/сыныптар үшін ана тілі (оқыту тілі) бойынша жазбаша емтихан - 2023 жылғы 5 маусым;

2) алгебра және анализ бастамалары бойынша жазбаша емтихан - 2023 жылғы 8 маусым;

3) Қазақстан тарихы бойынша ауызша емтихан - 2023 жылғы 12 маусым;

4) орыс/өзбек/ұйғыр/тәжік тілдерінде оқытатын мектептерде/сыныптарда қазақ тілі мен әдебиетінен және қазақ тілінде оқытатын мектептерде/сыныптарда орыс тілі мен әдебиетінен жазбаша емтихан - 2023 жылғы 15 маусым;

5) таңдау пәні бойынша жазбаша емтихан (физика, химия, биология, география, геометрия, дүниежүзілік тарих, құқық негіздері, әдебиет (оқыту тілі бойынша), шет тілі (ағылшын/француз/неміс), информатика) - 2023 жылғы 19 маусым.

Бұйрықтың жобасы "Ашық НҚА" сайтында 2 наурызға дейін жария талқылау үшін орналастырылған. Айта кетейік, пікір білдірушілердің басым көпшілігі оқу жылының ұзартылуы мен каникулдардың қысқартылуына қарсы шықты.

Еске салайық, өткен жылдың тамыз айында Оқу-ағарту министрлігі оқу жылын ұзарту және мектептегі каникулды қысқарту туралы бастама көтерген болатын. Оқушылардың ата-аналары қарсы болды.

Kazakhstan Today агенттігі оқу жылын ұзарту тақырыбында сауалнама жүргізді. Респонденттердің басым көпшілігі (84,69%) каникулды қысқартуға және оқу жылын ұзартуға қарсы дауыс берді.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны